Астанада экс-шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Қылмыс материалы сот қарауына жіберілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокуратура күдікті адам өлтіру бабы бойынша қамауда отырғанын мәлімдеді. Тергеу амалы толықтай аяқталған, сот процесі 19 қаңтарға жоспарланып отыр.
Істі бұған дейін атышулы Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарған судья Айжан Күлбаева қарайды.
Еске сала кетсек, Ержан Бабақұмаров былтыр 30 қазанға қараған түні танысымен арадағы жанжал кезінде көз жұмған болатын.
Мансабын 90-жылдары Алматы әкімдігінен бастаған Бабақұмаров президент әкімшілігінде ішкі саясат бағытына жауап берді, экс-елбасы Назарбаевтың тұсында ақпараттық орталықты басқарды. Кейін Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалып, Кәрім Мәсімовтың үкіметінде Премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеді.
2019 жылы Тоқаевтың төңірегіне келіп, уәзірі атанды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, Бақытжан Сағынтаевпен бірге орнынан кетті. Соңғы атқарған қызметі Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болатын.
Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік назарына ілікпей кеткен ол былтырдан бері саяси сарапшы ретінде сұхбат беріп, қоғамдық өмірде қайта көріне бастаған еді.
Бұған дейін депутат Бапи Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі елеусіз, қарапайым өткеніне қынжылған.
«30 жыл мемлекетке адал қызмет еткен адамды ақтық сапарға шығарып салуға неге ресми комиссия құрылмады? Неліктен Астанадан бірде-бір лауазымды тұлға анасына, алты баламен қалған жарына ресми көңіл айтпады? Мұның артында құпия өлімге қатысты құйтырқы әрекеттер тұрған жоқ па? Әйтеуір бір нәрсені сеземін, Ержан ескі Қазақстанның құрбаны болды», – деген болатын Бапи.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







