Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов ресми статистикаға сүйене отырып, Қазақстандағы әкімшілік айыппұлдардың айтарлықтай өсіп кеткенін мәлімдеді, — деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, 2024 жылы елде салынған әкімшілік айыппұлдардың жиынтық мөлшері тұңғыш рет 300 миллиард теңгеден асып түскен.
2024 жылы жалпы саны 15,1 миллион әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда (10,9 миллион) 40 пайызға көп.
Жеті-сегіз жыл қатарынан өсім болғанымен, дәл 2024 жылы 4 149 480 хаттамаға бірден секіріс жасалды.
«Біріншіден, халық ретроградтық Меркурийдің әсерінен жаппай заң бұзуға көшкендей көрінуі мүмкін. Екіншіден, мемлекет бұрын-соңды болмаған жаңа айыппұлдарды ойлап тауып, бұрынғыларын қатаңдатқан сияқты», – деп пікір білдірді қоғам белсендісі.
Дидар Смағұловтың айтуынша, әкімшілік айыппұл салу бірінші кезекте құқық бұзушылықты қайталамауға бағытталуы тиіс. Алайда қазір «айыппұл өндіріп алу саласы» бюджетке қаржы құюдың тұрақты көзіне айналғандай әсер қалдырады.
«Үкімет ел азаматтарын жазалауды күшейткенше, ұрлықты тыйып, бюджет ақшасын қажетсіз дүниелерге жұмсамауды қолға алғаны дұрыс. Тренд жалғаса берсе, бір-екі жылда айыппұл саны халық санынан асып, тіпті жаңа туған әр сәбидің де “айыппұлы” болатын түрі бар», – дейді ол.
Қоғам белсендісі еліміздегі көрсеткіштерді көрші Ресеймен салыстырды. Халқы 143,8 миллион болатын РФ-та 2023 жылы сотқа түскен әкімшілік істер саны 6,14 миллионға жеткен. Соттан тыс салынған айыппұлдарды да қоса алса, бұл көрсеткіш Қазақстандағыдан әлі де аз.
«Әлем бойынша еркіндік деңгейі жоғары емес Ресейдің өзінде біздің елге қарағанда әкімшілік жазалау көрсеткіші біршама төмен екенін көріп отырмыз. Бұл біздегі жүйенің шектен шығып кеткенін аңғартады», – дейді Смағұлов.
Дидар Смағұловтың пікірінше, Қазақстанда айыппұл көлемі мен құқық бұзушылықтар саны рекордтық деңгейге жетуі елдің «Штрафстанға» айналып келе жатқанын білдіреді. Белсенді мемлекеттің мұндай саясатына алаңдаушылық білдіріп, азаматтарды тоқтаусыз жазалау – экономиканы сауықтырудың емес, халықты титықтатудың жолы деп санайды. Оның ойынша, бюджет кірісін көбейтудің орнына жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтіп, мемлекеттік шығындарды қысқартып, халықтың жағдайын жақсартатын тиімді басқару тәсілдерін ойластырған жөн.