Біз өкшелі аяқ киім әйелдердің сәні мен сымбатының бір бөлігіне айналған. Бірақ мамандардың айтуынша, оны дұрыс пайдаланбаса, денсаулыққа елеулі зиян келуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Статистикаға сәйкес, әрбір оныншы әйел аптасына үш күннен артық біз өкшемен жүреді. Ал олардың үштен бірі кем дегенде бір рет құлап, жарақат алған.
Біз өкшелі аяқ киіммен құлаған кезде көбіне тобық жарақаттанады. Байламдар созылып, кейде үзіліп, буын шығып немесе сүйек сынуы мүмкін. Мұндай жарақатты өз бетінше анықтау қиын. Сондықтан міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Алғашқы көмек ретінде жарақат алған жерге суық басу керек. Бұл ісікті азайтып, ауырсынуды жеңілдетеді. Бірақ рентгенсіз нақты диагноз қою мүмкін емес. Мамандар тобық жарақатын елемеуге болмайтынын айтады. Кей жағдайда жеңіл көрінген жарақат кейін үлкен мәселеге айналып, қозғалысты шектеуі мүмкін.
Біз өкшелі аяқ киім тек құлау кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де зиян келтіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 30 жастан асқан әйелдердің 25 пайызы аяқ ауруларына шағымданады. Оның басты себептерінің бірі – ыңғайсыз аяқ киім.
Өкшелі аяқ киіммен жүргенде дене салмағы аяқтың алдыңғы бөлігіне түседі. Соның салдарынан «натоптыш», жалпақтабандылық, буын аурулары пайда болады. Уақыт өте келе табан формасы өзгереді. Ауырсыну күшейіп, жүру қиындайды. Тіпті қарапайым аяқ киіммен жүрудің өзі ауыр болуы мүмкін.
Тағы бір жиі кездесетін мәселе – «вальгус» деформациясы, яғни бас бармақ жанындағы сүйектің шығып кетуі. Бұл да өкшемен ұзақ жүрудің салдары. Қан айналымының бұзылуы варикозға әкелуі мүмкін. Алғашында «тамыр жұлдызшалары» пайда болып, кейін тамырлар ісініп шыға бастайды.
Біз өкшелі аяқ киім омыртқаға да әсер етеді. Дене тепе-теңдігін сақтау үшін бел омыртқа қисаяды. Бұл остеохондрозға, бел ауруына және тізе буындарының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар өкшемен ұзақ жүргенде балтыр бұлшықеттері үлкейіп, ахилл сіңірі қысқарады. Соның салдарынан адам жалпақ аяқ киіммен жүруге үйрене алмай қалады.
Мамандар толықтай өкшеден бас тартуға да кеңес бермейді. Ең қолайлы биіктік – 1,5–3 сантиметр. Ал 5 сантиметрге дейінгі өкше қауіпсіз саналады.
Орташа және биік өкшені күніне 3–4 сағаттан артық кимеген дұрыс. Әр екі сағат сайын аяққа демалыс беріп, жеңіл жаттығу жасау пайдалы. Қарапайым қорытынды – өкше сән үшін қажет, бірақ денсаулық бірінші орында.
Қазіргі архитектурада баспалдақ енді тек қабаттарды байланыстыратын элемент емес, кеңістіктің көркем өзегіне айналып отыр. Соның бір мысалы «X-Arch» немесе айқас аркалы тірекке негізделген заманауи мүсіндік баспалдақ концепциясын атауға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







