Танымал блогер Қайсар Хамза қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен іздеуге жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қайсар Хамзаның есімі әлеуметтік желілерде кеңінен танымал. Оның Instagram парақшасында 2,4 миллионнан астам оқырманы бар. Соңғы жылдары блогер әртүрлі онлайн-ойындар мен ұтыс ұйымдастыру арқылы көпшілікке танылған еді.
Алайда 2025 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі Қайсарды заңсыз онлайн-ойындар мен ұтыстар өткізгендер тізіміне қосқан болатын. Сол кезде оған 1 миллион 179 мың 600 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қазіргі таңда Қаржы мониторингі агенттігі Қайсар Хамзаны қаржылық заң бұзушылықтарға қатысты күдікпен іздеп жатыр. Құзырлы орган блогерді табу мақсатында ресми іздеу шараларын бастағанын хабарлады.
Айта кетейік, Қайсар Хамза соңғы жылдары әлеуметтік желідегі түрлі гивтер мен ұтыстар арқылы көптеген жас аудиторияны өзіне тартты. Кейбір сарапшылар оның өткізіп келген ұтыстарының ашықтығына күмәнмен қарап, бұл әрекеттерді «жасырын құмар ойындар» деп бағалаған еді. Осыған орай, министрлік оған әкімшілік шара қолданумен шектелмей, әлеуметтік желілердегі ұтыстарды заңмен қатаң реттеу қажеттігін алға тартқан.
Әлеуметтік желідегі табысты бизнесінен бөлек, Қайсар жарнамалық келісімдер мен онлайн-марафондар арқылы қомақты табыс тауып келген. Дегенмен бұл салада салық мәселелері мен қаржылық есептерге қатысты біраз сұрақтар туындаған. Қаржы мониторингі агенттігінің қазіргі іздеу шарасы осы мәселелерге байланысты болуы ықтимал.
Әзірге блогердің өзі бұл мәселеге қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Оның әлеуметтік желілердегі белсенділігі де біршама бәсеңдеген. Қазір құзырлы органдар блогердің тұрғылықты мекені мен жүріп-тұратын жерлерін анықтау шараларын жүргізуде.
Танымал актер Николас Кейджден ұрланған әйгілі «Action Comics №1» комиксі рекордтық бағаға сатылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

