Американың беделді басылымы Bloomberg Қазақстан туралы үлкен талдамалық материал жариялады. Басылым елімізді ғаламдық өзгерістерге тез бейімделудің ең сәтті мысалдарының бірі деп сипаттайды.
Мақала авторларының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан халықаралық турбуленттілік жағдайында тұрақтылықты сақтап қана қоймай, экономикалық, логистикалық және технологиялық маңызды орталық ретінде де позициясын күшейткен.
Осы өзгерістердің басты символы ретінде Астана қаласы аталады. Bloomberg ширек ғасыр бұрын шағын дала қаласы болған Астананың қазір сәулеті ерекше заманауи мегаполиске айналғанын атап өтеді.
«Астана ең алдымен өзінің символикалық мәнімен ерекше қызықты», – деп жазады Bloomberg.
Дегенмен, авторлар басты назарды елдің сыртқы бейнесіне емес, Қазақстанның жаңа геоэкономикалық жағдайда атқаратын рөліне аударады.
Шикізат шеңберінен шыққан ел
Bloomberg сараптамасына сәйкес, Қазақстан ірі әлемдік нарықтарды байланыстыратын негізгі буын ретінде сенімді қадам басып келеді. Материалда Транскаспий халықаралық көлік маршрутына (Орта дәліз) ерекше мән беріледі. Бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды жүк тасымалы дәлізі ретінде танылып отыр.
Халықаралық логистикада болып жатқан өзгерістерге байланысты Қазақстан өзінің географиялық орналасуын тиімді стратегиялық артықшылыққа айналдырып, Еуразиядағы транзиттік торап ретінде орнықты позициясын бекітті.
«Қазақстан Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы орнын экономикалық артықшылық ретінде пайдалануда», – деп жазады басылым.
Сонымен қатар, мақалада Қазақстанның ғаламдық сын-қатерлерді өзін дамыту үшін тиімді пайдалану қабілеті ерекше аталады. Авторлардың пікірінше, ел халықаралық нарықтағы өзгерістерге, энергетикалық дағдарыстарға және логистикалық тізбектердің қайта құрылуына бейімделіп, сауда мен инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашты.
Bloomberg елдегі цифрлық трансформацияға да ерекше назар аударған. Қазақстан аймақтағы цифрландырудың көшбасшысы ретінде сипатталып, электронды үкіметтің жоғары даму деңгейі мен мемлекеттік басқаруға цифрлық сервистердің белсенді енгізілуі ерекше аталған.
Сонымен қатар, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарлары авторлардың қызығушылығын тудырған. Мақалада жасанды интеллект дамуы мемлекеттік басымдықтардың біріне айналғаны және жаңа технологиялық дәуір мамандарын дайындауға елдің ерекше мән беріп отырғаны айтылған.
«Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық инновациялардың аймақтық орталығы болуға ұмтылады», – деп атап өтеді авторлар.
Жасанды интеллект пен логистика дәуірі
Халықаралық инвесторлардың қызығушылығын арттыратын негізгі факторлардың қатарында Astana Hub технопаркі, дата-орталықтардың дамуы, маңызды минералдар саласындағы жобалар және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі бар.
Bloomberg еліміздің демографиялық әлеуетіне де ерекше тоқталған. Қазақстан халқының жартысына жуығы 30 жасқа дейінгі жастар болғандықтан, авторлардың пікірінше, бұл инновациялық экономика мен технологиялық кәсіпкерліктің дамуына мықты негіз болмақ.
Жалпы, Bloomberg Қазақстанның шикізаттық экономика шеңберінен шығып, технологияға, логистикаға, адами капиталға және халықаралық әріптестікке басымдық беретін мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқанын айтады.
Материалдың негізгі қорытындысы – әлемдік бизнес-қауымдастық Қазақстанды шеткері нарық емес, экономикалық өсудің дербес орталығы және Еуразияның жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастырушы негізгі елдердің бірі ретінде қарастырып отырғандығы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







