Алматыда алдағы республикалық референдумда басқа адамның атынан дауыс берген азаматтарға айыппұл салынатыны ескертілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова мәлімдеді. Оның айтуынша, дауыс беру кезінде кез келген мәжбүрлеу, алаяқтық жолмен басқа адамның атынан дауыс беру немесе бөгде бюллетеньді пайдалану заңға қайшы әрекет болып саналады.
«Егер мұндай заң бұзушылықтар анықталса, дауыс беруші азамат та, сондай-ақ осы бюллетеньді берген комиссия мүшелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді Айгүл Қалықова.
Ол Алматы тұрғындарын дауыс беру тәртібін қатаң сақтап, өздерінің азаматтық құқығын заң аясында жүзеге асыруға шақырды. Бұл өз кезегінде референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







