Марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы өгей ұлы Данияр Кесікбаев АҚШ-тағы ең қымбат үйлердің бірін өз атына рәсімдеген, деп жазады Ertenmedia.kz.
New York Post басылымының жазуынша, Нью-Джерси штатындағы Alpine ауданында орналасқан зәулім үй құжат жүзінде небәрі 10 долларға өткен. Әңгіме 2 Margo Way мекенжайындағы сарай үлгісіндегі жылжымайтын мүлік туралы болып отыр.
Басылым дерегінше, бұл үй Нью-Джерсидегі ең қымбат нысандардың бірі саналады. Оның қазіргі салықтық бағасы 35,5 млн доллар деп көрсетілген. Ал бұған дейін нысан 34 млн долларға сатылымға шығарылған.
New York Post мәліметіне қарағанда, аталған зәулім үй 2012 жылы 20 млн долларға қолма-қол сатып алынған. Ол кезде мүлік анонимді компания атына рәсімделген. Басылым дереккөздері бұл компанияны Данияр Кесікбаевпен байланыстырған.

Енді бұл нысан ресми түрде Кесікбаевтың жеке атына өткен. Құжаттағы 10 долларлық баға қоғам назарын аударды. Себебі нарықтық және салықтық бағасы ондаған миллион долларға жететін мүліктің символикалық сомаға рәсімделуі түрлі сұрақ туғызды.
Данияр Кесікбаев — Майра Құрманғалиеваның ұлы. Майра Құрманғалиева кезінде Болат Назарбаевтың жұбайы болған. New York Post Кесікбаевты Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың күйеу баласы деп те сипаттайды.
Элиталық активтер туралы сұрақ көбейді
Басылым бұл Данияр Кесікбаевқа қатысты алғашқы күмәнді жылжымайтын мүлік мәмілесі емес екенін жазды. Бұған дейін ол Нью-Йорктегі Plaza Hotel кешеніндегі құны 20 млн доллар болатын пәтерді 1 долларға сатып алғаны айтылған.
New York Post дерегінше, ол пәтерді 2008 жылы Болат Назарбаев сатып алған. Кейін Кесікбаев сенімхат арқылы құжатқа анасының атын енгізіп, артынша мүлікті одан 1 долларға сатып алған.
2012 жылы Болат Назарбаев Манхэттен сотында Майра Құрманғалиева мен Данияр Кесікбаевқа қарсы талап арыз берген. Ол кезде Болат Назарбаев оларды 100 млн доллардан астам активке қатысты алдап кетті деп айыптаған. Іс кейін соттан тыс реттелген.
Ал Нью-Джерсидегі зәулім үйге қатысты қазіргі мәміле Малайзияда да талқыланып жатыр. New York Post жазуынша, әлеуметтік желіде бұл мүлікке Малайзияның бұрынғы премьер-министрінің әйелі Росма Мансордың қатысы болуы мүмкін деген айыптаулар тараған. Алайда Мансор да, аталған деректерде аты аталған тараптар да мұны жоққа шығарып, жала деп бағалаған.
Қазір бұл оқиға АҚШ-тағы қымбат жылжымайтын мүлік нарығы, офшорлық құрылымдар және посткеңестік элита капиталы туралы бұрыннан келе жатқан сұрақтарды қайта қозғады. Ресми құжаттағы 10 долларлық баға заңды мәміле ретінде көрінгенімен, оның артындағы нақты қаржылық және құқықтық логика әзірге толық ашылған жоқ.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жаңалықты қызу талқылап жатыр. Көпшілік ондаған миллион долларға бағаланатын мүліктің символикалық сомаға өтуін әділет, ашықтық және элиталық активтердің шығу тегі тұрғысынан бағалауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







