Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен Бұхара қаласында бейресми кездесу өткізді. Бұл жүздесу екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты тереңдетуге арналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде бүгінгі геосаяси тұрақсыздық жағдайында екі ел арасындағы диалогтың маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Өзбекстан – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Екі ел арасында өзекті мәселелер бойынша ешқандай кедергі жоқ. Біздің үкіметтеріміз жасалған келісімдер мен жоспарларды табысты іске асырып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ екі елдің тарихи байланыстарының тамыры тереңде екенін атап өтті. Бұхараның қазақ зиялылары үшін тарихи білім орталығы болғанын, бүгінде Өзбекстанның мәдени мұрасын сақтаудағы табысты жұмыстарына жоғары баға берді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің «Таза ауа» бастамасын қолдап, бұл жобаға бірлесе атсалысу ұсынысын білдірді.
«Алматы қаласындағы экологиялық ахуал күрделі. Сондықтан біз сіздің экологиялық бастамаңызды қолдаймыз және бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамыз», – деді Қазақстан Президенті.
Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Бұхарадағы бейресми кездесудің екі елдің қарым-қатынасын нығайтудағы рөлі маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз әрі одақтасымыз. Қазіргі күрделі әлемдік жағдайға қарамастан, Қазақстанның экономикасы 300 миллиард доллардан асып, шикізаттық емес сектор дамып келеді. Мемлекетті цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларыңыз ерекше маңызды. Біз Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформаларыңызды толық қолдаймыз», – деді Өзбекстан Президенті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру, көлік-транзит, су-энергетика және IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі ел үкіметтеріне сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Жол картасын қабылдау тапсырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







