Бас прокурор Берік Асылов прокуратура органдарының былтырғы жұмыс нәтижесін жариялады. 2025 жылы мемлекет қазынасына 1,1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокуратураның бастамасымен бюджет қаражатын пайдалану, табиғатты қорғау, жер игеру және мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салаларға бақылау күшейген. Соның арқасында 470 миллиард теңгенің қаражаты мен активтері мемлекет иелігіне өтті.
Әсіресе, мемлекеттік активтерді басқаруда ұзақ уақыт шешілмей тұрған мәселе реттелді: үш жыл бойы тұралап қалған 193 миллиард теңге дивиденд бюджетке жолданған.
Сонымен қатар Алатаудың етегі, Каспий жағалауы мен Бурабай секілді стратегиялық аумақтарда жеке тұлғалардың заңсыз иелігіндегі 800 мың гектарға жуық жер мемлекет қорына қайтарылды.
Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологияға зиян келтірген кәсіпкерлерден 25 миллиард теңге өндіріліп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталды. Прокуратураның тікелей араласуымен соттар азаматтық-әкімшілік сипаттағы 300-ге жуық істі қайта қарап, мемлекет пайдасына 22 миллиард теңге шешім шығарған.
Берік Асыловтың тікелей наразылығынан кейін орындалмаған әскери тапсырыс үшін қорғаныс бюджетіне 800 миллион теңге қайтарылды. Сондай-ақ екі компанияның мемлекеттен негізсіз өндірмек болған 1,2 миллиард теңгелік несие қарызы туралы сот шешімі күшін жойды.
Одан бөлек, прокуратура өңірлердегі жергілікті бюджеттің игерілуін қайта сүзгіден өткізіп, 255 миллиард теңгеге негізсіз шығынның алдын алған. Бас прокурор қаржының көлемі бір өңірдің жылдық бюджетіне тең екенін айрықша атап өтті.
Ertenmedia телеграм арнасының хабарлауынша, бұған дейін Бас прокурор Берік Асыловтың Президенттің Жолдауына қатыспай, Сингапурге сапарлауында маңызды себеп болған.
Сингапурда өткен халықаралық прокурорлар конференциясында Қазақстан мен Сингапур арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылған.
Бұл Орта Азия елдерінің арасында Сингапурмен жасалған алғашқы құжат. Оның басты ерекшелігі шетелге заңсыз шығарылған активтерді бұғаттап, тәркілеп, елге қайтаруға тікелей мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

