Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Жаңа Конституцияның жобасы тарих пен бүгіннің сабақтастығын сақтай отырып, ұлт болашағын айқындайтын ерекше құжатқа айналғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 12-отырысында сөз сөйлеген депутат Айдос Сарым бұл тарихи құжаттың көпшілік референдумға шығаруға толық дайын екенін айтты.
– Жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде біз көп маңызды мәселелердің шешімін таптық. Мамандар мен қоғам өкілдерінің тығыз бірлесе отырып атқарған жұмысының нәтижесінде еліміздің келбетін, азаматтарымыздың өмірін жақсартатын нақты формулалар мен жаңа қағидалар енгізілді, – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл Конституцияның ерекшелігі Қазақстанның тарихи контексін толық ескеріп, мемлекеттің бұған дейінгі жетістіктерін жаңа замандағы талаптармен үйлестіре білуінде жатыр.
– Тарихшы әрі архивист ретінде осындай ұстанымның маңыздылығын ерекше бағалаймын. Біз жай ғана заң емес, елдің жаңа тағдыры мен ортақ болашағын айқындайтын құжат жасап шықтық, – деп атап өтті Айдос Сарым.
Жаңа Конституция жобасында ұлттық қауіпсіздік, бірлік пен ынтымақты қамтамасыз ету, мемлекеттік шекарамыздың мызғымастығы нақты көрсетілген.
Сондай-ақ Қазақстан өз Конституциясында алғаш рет білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларын ұлттық басымдық ретінде бекітіп отыр.
– Әлемде алғашқылардың бірі болып азаматтардың цифрлық құқықтарын да Ата заңымызда айқын көрсеттік. Себебі алдағы уақытта әлем елдері арасындағы басты бәсеке дәл осы салаларда болмақ. Біз осы ашық, әділ әрі өркениетті бәсекеге толық дайынбыз, – деді депутат.
Жаңа Конституция сонымен қатар еліміздің табиғатына жауапкершілікпен қарауды жалпыұлттық міндет ретінде белгіледі. Осылайша, заңдылық, еркіндік пен өзара жауапкершілік – Ата заңымыздың басты қағидалары ретінде белгіленді.
– Жаңа Конституция еркіндік пен заң үстемдігіне негізделген құжат. Ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершілікке сүйенетін құндылықтар жазылған, – деді Айдос Сарым.
Депутат сөз соңында Конституция жобасын дайындауға үлкен әрі мұқият жұмыс жүргізілгенін айтып өтті:
«Қазіргі нұсқада бұл құжат референдумға шығаруға әбден лайық. Біз республикалық штаб құрып, өңірлерге шығып, әрбір азаматпен ашық диалог орнатуға дайынбыз», – деп түйіндеді депутат Айдос Сарым.
Депутаттың бұған дейін сайтымызда жаңа Конституция бүгінгі күрделі геосаяси әрі құқықтық сын-қатерлерден қорғайтын іргелі құжат екенін айта келе, реформа Қазақстан үшін күнде беріле бермейтін тарихи мүмкіндік деп ойын ортаға салған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

