Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің кезекті ақпараттық-түсіндіру кездесуі Сайрам ауданындағы «Әл-Каусар» медицина орталығында өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға медицина қызметкерлері, орталықта емделіп жатқан азаматтар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар ел дамуының құқықтық іргетасы болып саналатын жаңа конституциялық өзгерістердің мән-маңызын талқылады.
Санаторлық-курорттық бағыттағы бұл орталықтағы басқосуға Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Саидирасулхан Ералиев, саяси партия өкілдері Қуаныш Сыздықов пен Бейбіт Биназаров, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Мухиддин Сиддиқов қатысып, Конституцияның ел дамуына беретін мүмкіндіктерін түсіндірді.
Қуаныш Сыздықовтың айтуынша, жаңа Конституцияда сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі заңдық тұрғыда нығайтылған. Бұл азаматтардың әлеуметтік тұрмыс сапасын көтеріп, денсаулық сақтау саласына сенімді күшейте түседі.
Бейбіт Биназаров өз сөзінде Конституция жобасының негізгі мақсаты әділетті, әлеуметтік мемлекет құру екенін жеткізді. Заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау қағидаттары елдің тұрақты дамуының берік негізі болып табылады.
Облыстық мәслихат депутаты Саидирасулхан Ералиев Конституцияның ең басты ерекшелігі – адамға бағдарланғандығында деп есептейді. Оның пікірінше, адам және оның құқықтары мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі ретінде айқындалған. Ал аудандық мәслихат депутаты Мухиддин Сиддиқов конституциялық реформа азаматтардың қауіпсіздігін нығайтып, құқық қорғау нормаларын халықаралық тәжірибемен үйлестіретінін айтты.
Түйінді ой
Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Конституция жобасында әлеуметтік мемлекет мәртебесі айқын көрсетілгеніне тоқталды.
– Конституцияның 1-бабында еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігі нақтыланған. Осы бағытта азаматтардың денсаулығын қорғау, медициналық көмек алу құқығы заңмен бекітілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің әлеуметтік саясаты қарқынды дамып келеді. 2025 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 9,3 триллион теңге бөлінді, бұл жалпы шығындардың 36,5 пайызы.
Соңғы жеті жылда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі 3,7 есеге өсіп, медициналық мекемелердің саны 830-ға жетті. Дәрігерлер саны 83 мыңнан асты. Түркістан облысында да жаңа медицина нысандары салынып жатыр. Мысалы, 2024 жылы 49, 2025 жылы 36 медициналық мекеме іске қосылса, 2026 жылы тағы 20 нысанның құрылысы жоспарланған, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Кездесу соңында коалиция мүшелері орталық қызметкерлерін референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға шақырды. Азаматтардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға арналған мұндай реформалар қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз екені айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







