Депутат Жаңбыршин «Мәтен Петролеум» мұнай компаниясының бас директоры Лү Цзиншенді әбден састырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс отырысында қытайларға қарасты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Мәтен Петролеум» және «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының сатып алуындағы қазақстандық үлесті арттыру мәселесі қаралды.
Депутат Жаңбыршин «Мәтен Петролеум» басшысы Лү Цзиншеннен отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімі бар ма, жоқ па сұраған еді. Компания басшысының орнына жауап бермек болған орынбасарын депутат бірден тыйып тастады.
«Жоқ, тоқта. Өзі жауап қатсын. Білдей бас директор болып отыр, жалақы алады. Күреп табыс табады. Лү мырза, отандық тауар өндірушілерімен ұзақ мерзімді келісімдеріңіз бар ма, жоқ па?» – деп нақты сұрақ қойды мәжілісмен.
Компания директоры «бар» деп қысқа қайырғанмен, Жаңбыршин бұған иланған жоқ. Депутат нақты қанша компаниямен келісім бар екенін сұрағанда, Лү Цзиншеннің қапталындағы көмекшісі оның құлағына сыбырлай бастады.
Әлгіден кейін Жаңбыршин де оталып сала берді…
«Сіз дайын емессіз бе? Дәл осы сұрақты күні бұрын жолдаған едік қой», – деді депутат. Лү мырза тіпті састы.
«Есте сақтау қабілетім нашар еді», – деп ақталған болды қытай инвесторы.
Компания басшысы көмекшісінің сөздерін қайталай бастаған кезде, Жаңбыршин тіпті үдей түсті.
«Кешіріңіз, бірақ сіз мектептегі үлгерімі төмен оқушыдан аумайсыз. Бас директор ретінде қандай компаниямен келісім жасалғанын, қандай тауарға, қанша сомаға және қандай мерзімге екенін нақты білуіңіз керек қой. Бар болғаны 6 компания екен сіздерде. Ал сіз екімен оқитын мектеп оқушысы сияқты міңгірлеп отырсыз», – деп ашуланды депутат.
Жу да сөз естіді
Сыннан «Бозашы Оперейтинг ЛТД» филиалының бас директоры Жу Айцзүн де тыс қалмады.
«Қазақстандық компаниялардың атын жамылып, тауар мен жабдықты сырттан тасып, осында жасалғандай етіп көрсететін жағдай жиі кездеседі. Негізінде бұлар Қытай немесе Ресей өндірісі. Сіздер жеткізушілерге барып, олардың шынымен өндіріс жасап жатқанын немесе тек сырттан әкеліп, құрастырып, маркасын ауыстырып сататынын бақылауыңыз керек. Бірақ сіздер бұған назар аудармайсыздар», – деп ескерту жасады депутат.
Жиын соңында мәжілісмен компания басшыларынан жазбаша жауап беруді талап етті. Айта кетелік, бұған дейін Әшімбетовтың әріптесі Ерлан Сайыров 10 мың адам жұмыс істейтін ұлттық компанияның парша-паршасын шығарған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

