Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева мемлекетті басқарудың жаңа архитектурасын құру керектігін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, ұсынылған өзгерістер Конституцияға жекелеген түзетулер енгізумен ғана шектелмейді, керісінше, мемлекетті басқарудың жаңа архитектурасын құруды талап етеді.
– Алғашында парламенттік реформалар аясында басталған талқылаулар қоғамдық қатынастардың трансформациясы, цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты кешенді конституциялық реформаны қажет етеді. Конституциялық комиссияға түскен екі мыңнан астам ұсыныс қолданыстағы нормалардың жартысынан көбін қамтиды. Бұл – жекелеген түзетулер емес, мемлекеттік басқарудың құрылымын түбегейлі өзгерту қажеттілігінің белгісі, – деді Дания Еспаева.
Сондай-ақ, депутат Конституцияның жартысынан астамы өзгеріске ұшыраған жағдайда заңнама талабына сәйкес жаңа мәтін қабылдануы тиіс екенін айтты.
– Қазір алдымызда Ата Заңның жекелеген бөлімдерін толықтыру немесе өзгерту ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін, билік пен қоғамның өзара әрекеттесу механизмдерін терең қайта қарау міндеті тұр, – деп атап өтті ол.
Дания Еспаева жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты дамуының берік құқықтық негізіне айналуы тиіс екенін баса айтты.
– Жаңа Конституция мемлекеттің жаңа тарихи кезеңге қадам басуының айқын көрінісі әрі нақты жауабы болады, – деп түйіндеді депутат.
Бүгін Конституциялық комиссияның бесінші отырысында «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай да өзгерістерге қатысты өз ойын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

