Атырау облысының Индер ауданында колледж студенттерінің арасында төбелес шығып, бір студенттің соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлемжеліде тарап жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жергілікті блогер Рүстем Баязиев Инстаграм парақшасында жариялаған мәліметке сүйенсек, оқиға 31 желтоқсан күні таңертең болған. Колледж студенттері арасында шыққан жанжалдың себепкері қарапайым дәптер екен.
Жәбір көрген студенттің жақындары жасөспірімді өз қатарластары колледждің әжетханасында ұстап алып, беті мен кеудесінен бірнеше рет ұрғанын айтып отыр. Олар колледж басшылығының жағдайға салғырт қарағанына да наразы.
Туыстарының айтуынша, соққы алған студент шамамен екі сағат бойы оқу орнында көмек сұрап жүрген, бірақ сол уақытта колледжде медициналық маман да, психолог та, тіпті куратор да болмаған көрінеді.
Жәбірленушіге жедел жәрдем де шақырылмай, полицияға да оқиғадан біраз уақыт өткен соң ғана хабар жеткен.
Алайда Индер көпсалалы ауыл шаруашылығы колледжінің басшылығы студенттің туыстары таратқан ақпаратты жоққа шығарды.
«Бірінші курс студенттерінің арасында кикілжің туындап, өзара ауыр сөздер айтылған. Ақыры шыдамы таусылған студенттердің бірі екіншісінің мұрнынан ұрып, қан аққан. Колледж медқызметкері бірден алғашқы көмекті көрсетіп, қан тоқтатылды, мұрнына мұз қойылды. Қос тараптың да ата-аналары дереу шақырылды. Қазір мәселенің мән-жайы анықталып, студенттермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді колледж өкілдері.
Аудандық полиция бөлімі оқиғаның болғанын растап отыр. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта студенттердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Төбелеске қатысқан студенттер полиция бөліміне жеткізіліп, арнайы есепке алынған.
Бұған дейін біз Атырауда бүтін бір отбасының ізім-ғайым жоғалып кеткенін жазған едік.

