Президент Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендерге жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді жұмыс бабындағы дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің мәртебесі полиция, құтқарушы, қорықшы және билік өкілдерімен теңеседі. Депутат Асхат Аймағамбетов осы тұста жаңа заңның маңыздылығына тоқталған екен.
Заң несімен маңызды?
Айтуынша, бұрын дәрігерге жасалған шабуыл әдеттегі бұзақылық деп есептелсе, енді мұндай қылмысқа барғандар ерекше бап бойынша қатаң жазаланады.
«Медицина қызметкерлеріне қауіп төнсе, салдары қарапайым тұрғындарға, ауыр науқастарға тиеді. Мәселен хирург ота барысында өзінің қауіпсіздігіне алаңдап отырса, әлбетте жұмысын да сапалы деңгейде жүргізе алмайды. Жаңа заңның нәтижесінде мұндай мамандар мыңдаған адамның өмірін құтқаратын күрделі операцияны алаңсыз жасай алады», – деді Аймағамбетов.
Мәжілісмен осынау заң дәрігерден бұрын, жедел жәрдем күткен қария мен ауыр халдегі баланың өміріне тікелей әсер ететінін жеткізді.
«Көрші аулада дәрігерге ешкім шабуыл жасамаса, жедел жәрдем уақытында жетеді. Науқастың өмірі дәрігердің қауіпсіздігімен тікелей байланысты», – дейді депутат.
Аймағамбетов дәрігерге немесе жедел жәрдем көлігіне жасалған шабуыл қарапайым жанжал емес, біреудің өмірін сақтап қалуға жұмсалатын алтын уақытты жоғалту деп санайды.
«Қорғалған дәрігер құтқарылған науқас. Бұл аксиома», – деп қорытындылады Аймағамбетов.
Контекст
Өзгертулерді Сенат өткен жылдың желтоқсанында мақұлдап, Қылмыстық кодекске 380-3 деген арнайы жаңа бап енгізілген. Соңғы бес жылда елде медицина мамандарына жасалған 175 шабуыл тіркелген. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар саны жыл өткен сайын артып келеді.
Аймағамбетов әуелден жаңа заңның басы-қасында жүр. Ресми деректер бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда медицина қызметкеріне 175 рет шабуыл жасалған.

