Отбасы банк құрылыс салушылармен бірлесіп, қазақстандықтарға депозитте алты ай күтпей-ақ баспана сатып алуға жол ашатын несиелендірудің жаңа тетігін іске қосты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктің бұған дейінгі стандартты ережесі бойынша, салымшы аралық тұрғын үй қарызын алу үшін баспана құнының кемінде 50 пайызын жинақтап қана қоймай, бағалау көрсеткіші 5 баллға жеткенше ақшаны шотта кемінде алты ай бойы ұстауға міндетті еді. Енді серіктес компаниялар ұсынған жаңа пәтерлерді сатып алу кезінде аталған шектеу алынып тасталды.
Жаңа тетік бойынша аралық заемды бағалау көрсеткішін күтпей-ақ рәсімдеуге болады, алайда пәтер бағасының 50 пайызы көлеміндегі бастапқы жинақ талабы өзгеріссіз сақталады.
Қарыз алушы бағалау көрсеткіші нөлге тең болса да, бастапқы жарнаны салып, бірден мәміле жасай алады.
Бағдарламаға қандай құрылыс салушылар қатысады?
Жаңа жобаның алғашқы серіктесі ретінде BI Group компаниясы таңдалды. Құрылыс салушы Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында орналасқан тұрғын үй кешендерінен 600 пәтерді сатылымға шығарды.
Сонымен қатар Отбасы банк SAT NS және QazaqStroy құрылыс ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдерді дайындап жатыр. Олардың бағдарламаға қашан қосылатыны кейінірек мәлімделмек. Банк талдауы соңғы үш жылда салымшылардың көбі дәл осы компаниялардың нысандарын жиі таңдағанын көрсеткен.
Несиенің пайыздық мөлшерлемесі және талаптары
Жаңа бастама бойынша аралық заемның нақты шарттары бекітілді. Баспана сатып алу үшін төмендегі талаптарды орындау қажет:
- Отбасы банкінде пәтер құнының кемінде 50 пайызы жинақталған депозиттің болуы;
- Аралық заем бойынша бастапқы сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 8,5% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9%-дан 9,6%-ға дейін);
- Белгіленген мерзімде қаражат жинақталып, тұрғын үй заемына көшкен кезде мөлшерлеме жылдық 3,5–5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ – 3,6–6,9%);
- Құрылыс компаниясының сату бөлімінен пәтердің брондалғанын растайтын ресми хат.
Баспана алғысы келетін азамат әуелі құрылыс компаниясынан пәтер таңдап, оны брондауы қажет. Растау хатын алғаннан кейін банктің жақын маңдағы бөлімшесіне немесе видеобайланыс арқылы қашықтан өтініш бере алады.
«Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға қосымша уақыт берілді
Бұдан бөлек, Отбасы банк «Наурыз» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасы бойынша оң шешім алған қатысушылар үшін баспана іздеу мерзімін ұзартты. Көктемде мақұлданған заемның қолданылу мерзімі 2026 жылдың 12 қарашасында аяқталуы тиіс еді.
Үй таңдап үлгермеген екі мыңға жуық отбасыға мүмкіндік беру мақсатында өтінімдердің жарамдылығы 2026 жылдың 30 желтоқсанына дейін созылды. Бұл азаматтарға пәтерді асықпай таңдап, құжаттарын рәсімдеп, жаңа баспанасына көшуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







