Қазақстанда сот орындаушыларының қатаң әрекетінен жаппай бұғатталған банктік шоттарды қалпына келтіру басталды. Депутат Мұрат Әбенов пен Әділет министрлігі бірлесіп, айлық жалақысы, жәрдемақысы немесе зейнетақысы толығымен ұсталып қалған азаматтардың есепшоттарын қайта ашуды қолға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжілісмен Әбеновтің айтуынша, қазір бір жарым миллионға жуық қазақстандық өзінің банктік шоттарын пайдалана алмай отыр. Заң бойынша сот орындаушысы жалақының тек жартысын ғана бұғаттай алады, алайда іс жүзінде азаматтар соңғы тиынына дейін айырылып, қарапайым күнкөріс заттарына да қол жеткізе алмай қалды.
«Сәуір сөздің емес, нақты істің айы. Есепшоттары заңсыз бұғатталған миллион жарым азаматқа нақты көмек көрсетеміз. Қазір көптеген адам автобусқа міне алмай, нан алуға қаражаты болмай отыр. Бұл жағдай заңға қайшы», – деді Мұрат Әбенов.
Депутат бұғатталған есепшотты сотсыз-ақ жылдам ашудың нақты жолын көрсетті:
- zhso.kz порталынан өзіңізге қатысты жеке сот орындаушысының байланысын табу;
- adiletgov қосымшасы арқылы ресми өтініш жолдау;
- Есепшотқа жалақы, жәрдемақы немесе зейнетақы түсетінін дәлелдейтін анықтамаларды тіркеу.
«Өтініште нақты талап қою керек: «Жалақының тек 50 пайызын ұстаңыздар, қалған бөлігін дереу ашыңыздар». Әлеуметтік төлемдерді толық бұғаттауға мүлде болмайды. Сот орындаушысы 5 күн ішінде жауап беріп, есепшотты ашуға міндетті», – деп түсіндірді депутат.
Мұрат Әбенов аталған шараны өз бақылауына алатынын айтты. Осы айдың аяғына дейін жүздеген мың отбасының өз қаржысына қол жеткізуіне нақты мүмкіндік тумақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







