Мәжілісте «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң жобасы төңірегінде шатақ шықты. Депутат Марат Бәшімов әріптестерін ел мүддесі емес, олигархиялық топтарды қорғап отыр деп қатаң сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дауға соңғы екі жыл бойы әзірленіп, қабылдануы сағыздай созылып кеткен тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы заң жобасы түрткі болды. Заң саласында мол тәжірибесі бар депутат Марат Бәшімов қазіргі заңнаманың халық емес, атышулы Тимур Құлыбаев бастаған олигархтарға қызмет ететінін ашық айтты.
Жұмыс тобының отырысында депутаттар арасындағы пікірталас тіпті шиеленісіп кетті. Бәшімов қапталындағы әріптестері Айдос Сарым мен Қанат Нұровты мәселені әдейі созып, тұтынушыларды қорғауға кедергі келтіріп отыр деп айыптады.
«Бұл әңгімені доғару керек! Айдос мырза, сіздердің әрқайсыңыз шығып алып, тұтынушылар құқығын қорғауға жол бермей отырсыздар. Бұл қандай позиция? Қанат Ілиясұлы тіпті Ақордаға хат жазам дейді. Жазыңыздар, сіздерге кім тыйым салып отыр?! Мен де Тоқаевқа жазамын. Конституция нормасы тең әрі әділ қарым-қатынасты талап етеді. Біз 30 жыл бойы халықтың құқығын аяққа таптап келеміз», – деді депутат Марат Бәшімов.
Осы тұста…
Депутат әлемдік тәжірибеде азаматтық қатынастың негізі Азаматтық кодексте бекітілгенін, ал Қазақстанда оның орнына ірі бизнестің мүддесін қорғайтын арнайы «құлыбаевшыл» кодекстің үстемдік етіп отырғанын сынға алды.
«Екі-үш жылдан бері тұтынушы құқығын қорғау жұмысы мүлде алға жылжыған жоқ. Біз әрдайым бір мәселені көтеріп келеміз. Неге бізде тұтынушыларды қорғауда кәсіпкерлік кодекс алдыңғы орында тұр? Айтыңыздаршы? Бүкіл әлемде басымдық Азаматтық кодекске беріледі. Құлыбаев? Бізде олигархиялық жүйе мүддесін қорғайтын кәсіпкерлік кодексі арқылы жауапкершіліктен қашып отыр. Бұны тоқтату керек! Тұтынушылар құқығын қорғап, тең құқық пен мүмкіндіктерді қалпына келтіру қажет. Ақыры бір шешімге келейік», – деді депутат.
Жалпы Бәшімов экс-президенттің күйеубаласын ұната бермейді. Бұған дейін депутат Құлыбаевқа тиесілі «Халық банктің» атауын өзгертуді талап еткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







