Шығыс Қазақстанда «Востоквзрывпром» ЖШС-ы Алматы – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы бағытындағы республикалық автожолды жөндеу кезінде жіберген ақауларын толық жөндеуге міндеттелді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономикалық соттың мәліметінше, жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын жоба бойынша мердігердің кемшіліктері шаш-етектен. Жолдың 30-дан астам бөлігінде жарықтар мен ойықтар анықталған. Ақаулар жайылған аумақтың көлемі 45 мың шаршы метрден асып түседі.
Сонымен бірге «Востоквзрывпромнан» «ҚазАвтоЖол» ҰК пайдасына 26,9 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілмек. Қазірше сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Мемлекеттік сатып алулар порталының дерегіне сәйкес, келісімшарт 2024 жылдың тамызында жасалып, жолды жөндеу жұмыстары төрт айда аяқталуы керек еді. Жоба Жетісу облысының Кербұлақ ауданы аумағындағы автожолдың 124-169 шақырым аралығын қамтиды. Орындалған жұмыстарға екі жылдық кепілдік мерзімі белгіленген.
Бұған дейін…
Компанияның құрылтайшыларының бірі, облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Сомов пара берді деген күдікпен ұсталған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті депутатқа қатысты тергеуді жалғастыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







