Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясы өтті. Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сессияның күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Ақтау қаласының шекарасын қайта қарау және нақтылау, тарихи-мәдени ескерткіштерді жалға берудегі тарифтерді бекіту мәселелері қаралды.
Сонымен бірге Тексеру комиссиясының жаңа мүшесін тағайындау, сайлау комиссияларының құрамын жаңарту және бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу бойынша ұсыныстар депутаттардың назарына ұсынылды.
Облыстық мәслихат депутаттары күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелерді бірауыздан қолдап, тиісті шешімдерді бекітті.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қабылданған шешімдер өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарына өңірдің өркендеуі жолындағы бірлескен табысты жұмысы үшін алғысын білдірді.
Таяуда Ұлыбританияның елшісі Салли Аксуорси де өз кезегінде Ақтауда облыс басшысымен кездесіп, өңірдің экономикалық әлеуетін жоғары бағалады. Ол әсіресе көлік-логистика, энергетика, IT, білім беру және жоғары технологиялар бағытында екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







