Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы жиырма бірінші кезекті сессиясы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, әкімдік мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданының әкімдері, облыстық басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Күн тәртібіне шығарылған 18 мәселе бойынша маңызды шешімдер қабылданды. Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданы әкімдері республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуы жөнінде баяндады. Бұдан бөлек, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, жер қатынастары, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.
Депутаттар басқарма басшыларының жұмысына байланысты ұсыныстарын білдіріп, қызмет сапасын арттыру бағытында тапсырмалар берді. Сонымен қатар, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді.

Жиын барысында депутаттар облысты басқару схемасын толықтыру туралы ұсынысты мақұлдап, нәтижесінде Түркістан облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылатын болды.
Кадрлық өзгерістерге байланысты облыс әкімдігінің дербес құрамына келісім беріліп, бірқатар комиссиялардың құрамы жаңартылды.
Сессия соңында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов депутаттарға алғыс айтып, мәслихат жұмысына сәттілік тіледі.
Түркістан облысында енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекті алдын ала брондауға болатын мүмкіндік пайда болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

