Мәжіліс депутаты Абзал Құспанов Қазақстанда «Жеке детективтік қызмет туралы» заңның қабылдануына белсенді түрде күш салып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, елімізде детектив ұғымы заң жүзінде әлі күнге дейін жоқ. Десе де, бұл сөздің мағынасын білмейтін адам кемде-кем. Детектив ұғымымен бесіктен белі шықпаған балаға дейін таныс болса, ересектер оны Агата Кристи мен Артур Конан Дойлдың кітаптарынан, Альфред Хичкок, Дэвид Финчер, Квентин Тарантино фильмдерінен жақсы біледі.
– 2023 жылы депутат болып сайланғаннан бері қолға алған бастамаларымның бірі «Жеке детективтік қызмет туралы» заң. Бұл мәселемен Парламентаризм институтымен бірлесіп екі жылға жуық жұмыс істедік. Соның нәтижесінде былтыр заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілді, – дейді Абзал Құспанов.
Депутаттың айтуынша, бұл заң жобасын бұрын да үш мәрте қабылдатуға талпыныс жасалған. Алайда үшеуі де сәтсіз аяқталыпты. Бұған қарсы тараптың мықты лоббиі себеп болған көрінеді.
Олар «егер детективтік қызмет заңдастырылса, әйелдер күйеуін, күйеулер әйелін аңдытып, ажырасулар көбейеді» деген уәжді жиі келтірген екен.
Шын мәнінде, жеке детективтік қызмет дамыған елдердің бәрінде, тіпті көрші Ресей мен Қырғызстанда 90-жылдары-ақ заңдастырылған. «Ал біздің елде бұл қызметке тосқауыл қоюдың басқа себептері бар, оны кейінірек тарқатып айтамын», – деп қорытты депутат өз сөзін.
Бұған дейін Абзал Құспан «Қазақстан түрмесінде адам өлімі жиілеп, сотталушылардың құқы бұзылуда» дабыл қаққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

