Артық салмақтан арылу қазіргі заманғы ең өзекті мәселелердің бірі. Бірақ физикалық жаттығу мен диета нәтижесінде жоғалтқан салмағыңыз көп ұзамай қайта оралып жатады. Оның себебі калория шығыны мен кірісінің дұрыс есептелмеуден екенін білмейміз. Бұл туралы дәрігер мамандар кеңінен ақпарат берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Артық салмақ бар-жоғын анықтаудың ең қарапайым тәсілі – дене массасының индексін (ДМИ) есептеу. Оның формуласы:
ДМИ = салмақ (кг) / бой² (м).
Егер нәтижесі 18,5 пен 24,9 аралығында болса – салмағыңыз қалыпты. 25-тен 29,9-ға дейін болса – салмақ артық. 30–35 арасы – бірінші дәрежелі семіздік, 35-40 аралығы – екінші дәрежелі семіздік, ал 40-тан асса – үшінші дәрежелі семіздік.
Алайда бұл есептеу жүйесі адамның бойын немесе дене құрылысын ескермейді. Сондықтан бойы төмен ерлерге (168 см-ден төмен) және әйелдерге (154 см-ден төмен) есептеу нәтижесінен 10 пайыз шегеру керек. Ал бойы ұзын ерлерге (188 см-ден жоғары) және әйелдерге (174 см-ден жоғары) керісінше, 10 пайыз қосқан дұрыс.
Сонымен қатар, мамандар бой мен салмақтан бөлек, белдің көлемін де бақылауға кеңес береді. Әйелдердің бел өлшемі 80 см-ден, ерлерде 90 см-ден асса, бұл семіздіктің белгісі болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бел мен жамбас көлемінің арақатынасына да мән беру қажет. Әйелдер үшін бұл көрсеткіш 0,85-тен, ерлерде 1-ден аспағаны жөн.
Калорияны қалай дұрыс есептеу керек?
Салмақты тұрақты әрі дұрыс басқарудың негізгі қағидасы калория есебі. Бір килокалория (ккал) дегеніміз – бір келі суды бір градусқа жылытуға қажетті энергия мөлшері.
Қалыпты жағдайдағы адам ағзасының әр килограмы бір сағатта шамамен 1 килокалория жұмсайды. Яғни, салмағы 60 келі әйел ешқандай қимылсыз тәулігіне шамамен 1440 килокалория жоғалтады. Дегенмен күнделікті жұмыс пен физикалық белсенділікті ескере отырып, өзіңізге нақты қанша калория керек екенін есептеп алу маңызды.
Бұл үшін дене салмағыңызды физикалық жаттығуларға жұмсалатын минуттарға және арнайы коэффициентке көбейту арқылы өзіңізге қажет калория мөлшерін анықтауға болады.
Тамақтану тәртібін дұрыс сақтау үшін әрбір тағамның калориясын білу қажет. Сондықтан ас үйге арнайы ас өлшегішін алып, күнделікті тұтынатын өнімдердің калориясын жазып алып, тоңазытқышқа іліп қоюды ұсынамыз.
Осылайша сіз тек салмақтан арылып қана қоймай, қол жеткізген нәтижеңізді тұрақты түрде сақтай аласыз. Ең бастысы тәртіп пен дұрыс есептеу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







