Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні жаңа форматта аталып өтті. Қонаев қаласында өткен мереке «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, ұлттық дәстүр мен заманауи технология үйлесім тапты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық алаңда роботтар көрмесі ұйымдастырылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Киіз үйлер тігіліп, қазақтың дәстүрлері – тұсаукесер, қыз айттыру, беташар, бастаңғы, сүйінші сұрау сияқты көріністер сахналанды.
Іс-шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, Наурыз – тек мейрам емес, рухани жаңғыру мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
«Наурызнама тұжырымдамасы арқылы мерекені кеңейту – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды қадамы», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды. Соңғы үш жылда өнім көлемі 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өскен. Инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асып, өнеркәсіп пен құрылыс саласында өсім байқалған.
Шара барысында ел дамуына үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мерекелік бағдарламада танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Тамара Асар және басқа да әншілер халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Саябақ аумағында қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар мен тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті жобасы арқылы ұлттық мұра жаңа форматта таныстырылды.
Сонымен қатар «Face of Nauryz» алаңында жасанды интеллект көмегімен келушілердің бейнесі өңделіп, ерекше стильде ұсынылды. Роботтар да мерекеге қатысып, бауырсақ пісіріп, халыққа таратты.
Қонаев қаласындағы орталық алаңға 5 мыңнан астам адам жиналып, шара тікелей эфирде көрсетілді. Осылайша Алматы облысында Наурыз мерекесі дәстүр мен технологияны ұштастырған жаңа деңгейде атап өтілді.
Алматы облысында білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа мектептер салынып, ескі білім ошақтары жаңартылып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







