Әлемдік сахнаның жарқын жұлдызы Димаш Құдайберген жеке өмірі мен отбасы құру туралы көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді. Әнші 9 сәуірде Астанада өткен форумда бұл мәселенің маңыздылығы мен тереңдігіне тоқталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзілдеп бастаса да, Димаш отбасылық өмірге деген көзқарасының ерекше әрі айрықша екенін ашып айтты.
«Қазақстанға ұшып келсем, төлқұжат тексеретін мамандар бірден «Димаш, қашан үйленесің?» дейді. Қарсы алушылар да, үйдегілер де, достарым да бәрінің қоятын сұрағы бір. Мен үшін отбасы өте маңызды, оны өмірде бір-ақ рет және мәңгілікке құру керек деп санаймын. Өзгеше көзқараспен қараймын, қыздардың көңіліне қаяу түсіріп, біреуді ренжітуден қатты қорқамын», – дейді Димаш.
Әнші ел азаматтарын қыздар мен әйелдерге барынша қамқор әрі сыйластықпен қарауға шақырды. Ол нағыз ерліктің белгісі нәзік жандарды қорғап, сыйлауда екенін ерекше атап өтті.
«Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде қарындастарымызға, әпкелерімізге жәбір көрсетілген видеолар көп тарап жатыр. Нағыз ер азаматтың белгісі қыздарға құрметпен, мейіріммен қарау. Әйел затын қорғап, сыйлауды ұмытпайық», – деді ол.
Әнші үшін отбасы шығармашылығының басты шабыт көзі. Димаш өміріндегі ең жақын адамдарының анасы мен әжесі екенін де жасырмады.
«Мен үшін басты шабыт көзі анам мен әжем. Әжемнің жасы қазір сексенге таяды. Сапардан келген сайын олармен бірге отырып шай ішіп, әңгіме-дүкен құруға уақыт тапқым келеді. Бірақ өнер адамы ретінде, халық алдындағы міндетімізді орындау керек. Гастрольге жиі шығуға тура келеді. Сонда да, отбасыма деген сағыныш әрқашан менің жанымда», – деп түйіндеді сөзін Димаш.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







