Теңгенің ширауы мен доллар бағамының арзандауы республикалық бюджет кірісіне салмақ салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев ел экономикасы үшін шамадан тыс нығайған ұлттық валютаның мұнайдан түсетін түсімге қалай соққы болғанын түсіндірді.
Теңге бағасы? Министр сөзінше, негізгі түйткіл бюджет бекітілген кездегі валюта болжамы мен нарықтағы нақты ахуалдың алшақ кетуінен туындаған. Жоспарда бір курс қарастырылған, ал шынайы нарық мүлде басқа жағдайды алға шығарған.
Мәди Тәкиев келтірген дерекке қарағанда, есепті тоқсанда доллардың орташа бағамы 497,7 теңге болған. Ал бюджет жобасында 540 теңге деңгейі негізге алынған. Осындай айырма салдарынан қазына шамамен 146 млрд теңге кірістен қағылған.
Қаржы министрлігінің бағалауынша, сыртқы конъюнктура, соның ішінде бағам айырмасы, республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсер еткен. Мұнай экспортынан түсетін табыс теңгемен есептелген кезде азайып, мемлекеттік қаржыға қысым күшейген.
Соған қарамастан, ведомство сыртқы соққының салдарын ішкі резерв есебінен жұмсартуға тырысқан. Мәди Тәкиевтің айтуынша, салық және кеден әкімшілендіруін күшейту нәтижесінде бюджетке қосымша 137,6 млрд теңге түскен.
Осылайша, арзандаған доллардан туған шығынның басым бөлігі салық жинау сапасын арттыру мен кедендік бақылауды күшейту арқылы өтелген. Дегенмен қазынаның валюта бағамына тәуелділігі үкіметтің қаржы блогы үшін әлі де ең өзекті тәуекелдің бірі күйінде қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







