АҚШ президенті Дональд Трамп өзін Венесуэла президентінің міндетін атқаратынын жария етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Трамп Truth Social желісінде «Википедия» үлгісіндегі скриншот жариялады. Онда 2026 жылдың қаңтарынан бастап Венесуэла президентінің міндетін атқаратыны, сондай-ақ АҚШ президенті қызметін де сақтап қалғаны көрсетілген.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны және оның жұбайын Каракас қаласында арнайы операция арқылы тұтқындаған болатын. Кейін Мадуроның Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізілгені белгілі болды.
Президент Трамп Венесуэлаға қатысты операция туралы айта келе, Американдық континентті өзге державалардың араласуына жабық аймақ деп жариялайтын Монро доктринасын еске салды. Сонымен қатар ол АҚШ-тың барлық жауларына Венесуэладағыдай операция жасалуы мүмкін екенін айтып, сес көрсетті.
Нью-Йоркте өткен алғашқы сот отырысында Николас Мадуроға есірткі терроризміне қатысты қастандық жасады, кокаин контрабандасымен айналысты, пулеметтер мен жарылғыш заттарды сақтады және оларды АҚШ-қа қарсы қолдануға дайындалды деген айыптар тағылды. Венесуэланың бұрынғы басшысына төрт мәрте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
Мадуро сотта өзінің әлі де Венесуэла президенті екенін және тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын мәлімдеді. Оның жұбайы да өз кінәсін жоққа шығарды. Сот процесі синхронды аударма арқылы жүргізіліп, сотталушылар құлаққап арқылы байланысқан.
Судья келесі отырысты 17 наурызға белгілеп, консулдық қызметкерлерге Мадуромен кездесу құқығын берді. Айыпталушының қорғаушылары Венесуэла президентін кепілмен босату туралы мәселе көтеретіндерін мәлімдеді.
Венесуэланың уақытша президенті болып тағайындалған Делси Родригес АҚШ әрекеттерін бастапқыда қатаң сынға алып, Мадуроны босатуды талап еткен еді. Алайда кейінірек ол өз мәлімдемесінде: «Венесуэла халқы соғысты емес, бейбіт өмірді қалайды» деп, АҚШ-пен өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Родригестің бұл мәлімдемесі Трамптың Венесуэла билігі АҚШ-пен серіктестікке келмесе, елге қарсы жаңа соққы жасау мүмкіндігін айтқан ескертуінен кейін жасалды. Сондай-ақ Трамп Родригеске де ескерту жасап, егер дұрыс әрекет жасамаса, ол Мадуродан да үлкен зардап шегетінін айтты.
Ал қазақтың белгілі экономисті Олжас Құдайбергенов көпшілікті қазақ жастары жасаған такси қосымшаларын пайдалануға шақырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

