Дубайда демалып жүрген қазақстандық туристер елге қайта алмай, қиын жағдайда қалғанын айтып президент Тоқаевқа үндеу жолдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отандастарымыз қонақүйлердің оларды бүгін сағат 12:00-ден бастап шығарғалы жатқанын, ал ұшақ рейстерінің тоқтатылуына байланысты Қазақстанға қалай оралатынын білмей абдырап отыр.
«Демалысымыз азапқа айналды. Әуежайда ешбір анық ақпарат жоқ. Туроператорлар жауап беруден бас тартып, жауапкершілікті өздерінен алып тастады. Балаларымызбен бірге далада қалғалы тұрмыз. Құрметті Президент, бізге көмектесіңіздер!», – делінген видео үндеуде.
Жиналған туристердің арасында кішкентай балалары бар отбасылар, егде жастағы адамдар мен жүкті әйелдер де жүр. Олар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тез арада мәселені шешіп, азаматтардың елге аман-есен оралуын қамтамасыз етуді талап етуде.
Айта кетейік, жексенбі күні Иранның АҚШ пен Израильге қарсы жауап шабуылы барысында Дубай халықаралық әуежайы мен әлемге әйгілі «Бурдж-әл-Араб» қонақүйіне зақым келген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, әуежай терминалдарының бірі бүлініп, төрт адам зардап шеккен.
Иран күштері Дубаймен қатар Абу-Даби және Доха әуежайларына да соққы беруде. Аталған әуежайлар Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды халықаралық әуе торабы саналады. Сондықтан қазақстандықтардың елге тез оралу мүмкіндігі айтарлықтай төмендеп отыр. Аймақтағы жағдай сағат сайын шиеленісіп барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







