Саясаттанушы Аркадий Дубнов былтырғы AZAL ұшағының апатынан кейін Баку мен Мәскеу арасында туындаған дағдарыс әлі жалғасып жатқанын айтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бүгінгі Петерборда өткен ТМД-ның дәстүрлі бейресми саммитіне соңғы сәтте келуден бас тартуы осының айқын дәлелі. Президент әкімшілігі мұны Әлиевтің жұмыс кестесінің тығыздығымен түсіндірген.
Алайда саясаттанушы Аркадий Дубнов мұның астарында ресми себептен бөлек, әлдеқайда терең дипломатиялық наразылық жатқанын жазды.
«Әлиевтің әрекеті Путин үшін күтпеген соққы болды. Ресей тарапы саммит қарсаңында Әлиевтің келеріне сенімді еді. Дмитрий Песков тіпті Әлиев пен Путин арасында жеке кездесу жоспарланғанын айтып, армян премьері Пашинянмен де келіссөздердің болу ықтималдығын атап өткен. Бірақ соңғы сағатта Әзербайжан лидері Ресей басшысын ыңғайсыз жағдайда қалдырды», – деп жазады Дубнов.
Сарапшының пікірінше, Әлиевтің Петербұрға келуден бас тартуына Мәскеудің Әзербайжан мен Ресей арасындағы қатынастарды реттеу бойынша тиісті әрі нақты қадамға бармауы себеп болған. Әсіресе былтыр, 2024 жылдың 25 желтоқсанында болған AZAL әуе компаниясы ұшағының апатынан кейінгі шиеленіс әлі де басылар емес.
Путиннің кешірім сұрауы…
Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин Душанбе саммитінде Әлиевпен кездесу барысында ұшақ апатына қатысты жағдайға түсініктеме беріп, апат маңында ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің зымырандары жарылғанын мойындаған еді. Сондай-ақ Путин осы оқиға үшін кешірім сұрап, кінәлілердің әрекетіне құқықтық баға берілетініне уәде еткен болатын.
Әзербайжан президентінің әкімшілігі бұған дейін Душанбедегі кездесуде ТМД лидерлерімен пікір алмасқанын жеткілікті деп есептеп отыр.
Саммит қарсаңында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әлиевке алғыс білдіріп, Әзербайжаннан келген мұнай өнімдері тиелген алғашқы пойыздың Арменияға жеткенін хабарлаған. Дубновтың айтуынша, бұл Әлиев пен Пашинянның Петерборда кездесуі мүмкін деген үмітті арттырған еді.
«Әлиевтің саммитке келмеуі Путин жиі қолданатын терминмен айтсақ, «арттан соғылған соққы» болды. Кремль мұндай әрекетті әдетте өзін алдаған Батыс лидерлерінен күтетін еді. Бұл жолы оған Әлиев дәл осылай жасады», – дейді сарапшы.
Айта кетелік, осыған дейін президент Тоқаев Бакуді «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қосу керектігін мәлімдеген.

