Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «ECO KERUEN» экологиялық бастамасы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара халық көп жиналатын орындарда ұйымдастырылып, тұрғындар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Басты мақсат қоршаған ортаға жауапкершілікті күшейту және қалдықтарды дұрыс басқару қағидаларын кеңінен түсіндіру.
Акция Талдықорған қаласында басталды. Арнайы безендірілген эко-керуен қала көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындардың назарын табиғатты қорғау мен қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығына аударды.
Шара барысында тұрғындар белсенділік танытып, өз үйлерінен жиналған пластик, қағаз, киім-кешек және электронды қалдықтарды арнайы қабылдау пункттеріне тапсырды. Бұл тұрғындардың экологиялық мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті.
Эко-керуен аясында 100-ге жуық ерікті мен ұйымдастырушылар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды бөлек жинаудың артықшылықтарын айтты. Сонымен қатар қайта өңдеудің тиімділігі мен табиғи ресурстарды үнемдеудің жолдары туралы ақпарат таратылды.
Акцияға жастар ұйымдары, еріктілер, белсенді азаматтар мен қала тұрғындары қатысты. Барлығы ортақ мақсат – қоршаған ортаны қорғау жолында бірлесіп әрекет етті.
«Қазақстан студенттері альянсы» Омбудсмені Ақерке Қызайбайдың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.
«Бұл акция тек тазалық шарасы емес. Мұнда экологиялық мәдениетті қалыптастыру көзделген. Әр адам табиғатты қорғау өзінен басталатынын түсінуі керек», – деді ол.
«ECO KERUEN» бір реттік іс-шара емес, қоғамда тұрақты экологиялық дағды қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам. Осындай бастамалар арқылы азаматтық белсенділік артып, табиғатты қорғау ортақ құндылыққа айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







