Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және өндірістік жобалардың құрылысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы алдымен Батыр ауылдық округінде бой көтеріп жатқан мәдени нысанның құрылыс алаңына барды. Мұнда 200 орындық ауылдық клуб пен кітапхана салынуда. Мердігер мекеме «СК А-Строй монтаж» ЖШС өкілдері жобаның техникалық сипаттамалары мен жұмыс барысын баяндады.
Жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимаратта тұрғындардың мәдени демалысына арналған 44 кабинет орналасады. Жоба ауыл жастарының шығармашылық қабілетін дамытуға, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуын және нысанды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар аймақ басшысы Баянды ауылындағы түйе сүтін өңдейтін цехтың жұмысымен танысты. Бұл өндірістік жоба жеке инвесторлардың қаржысына жүзеге асуда.
Жобаның бастамашысы «Ботам 2023» ЖШС. Кәсіпорын тәулігіне 1,5 тоннаға дейін түйе сүтін өңдеп, шұбат және басқа да өнімдер шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жоба «Ғылым қорының» гранттық қолдауымен қаржыландырылған. Кәсіпорын іске қосылғанда 10-15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Өндіріс орны наурыз айының соңында толық пайдалануға берілмек.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай аталған жобалардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартатынын атап өтті.
Таяуда тілшілеріміз Ақтау қаласында еліміз бойынша екінші болып саналатын заманауи үлгідегі жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының жаңа ғимараты ашылғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

