Қазақстандықтардың жалақысының 80 пайыздан астамы міндетті төлемдер мен күнделікті қажеттілікке жұмсалып, өзіне тек бесінші бөлігі ғана қалады. Экономист Руслан Сұлтанов миллион теңге көлеміндегі табыстың нақты қалай бөлінетінін талдап, есептеп шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономистің есебінше, айына 1 миллион теңге табыс тапқан адам жылына 12 миллион теңге алады. Оның ішінде салықтар мен міндетті төлемдер шамамен 2,3 миллион теңгені (19,5%) құрап, қолында 9,66 миллион теңге қалады. Демек, әр адам жылына екі ай жеті күнін тек мемлекетке салық төлеуге арнайды.
Баспана мен коммуналдық төлемдерге де қомақты қаржы жұмсалады.
Пәтер жалдау немесе ипотекаға айына шамамен 150 мың теңге, коммуналдық төлемдерге 40 мың теңге кеткенде жылына тағы 2,28 миллион теңге шығын шығады. Осыдан кейін қолда қалғаны 7,38 миллион теңге, яғни міндетті шығындар 38,5%-ға жетіп, төрт жарым айлық еңбек уақытына тең болады.
Ең көп шығын тамаққа кетеді
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қазақстандықтардың табысының 52,4%-ы азық-түлікке жұмсалады. Осы көрсеткішті қалған сомаға есептегенде, жылына шамамен 5,06 миллион теңге тамаққа жұмсалады.
Осылайша, жеке мақсаттарға қалатыны 2,32 миллион теңге немесе бастапқы табыстың небәрі 19,3 пайызы ғана. Демек, азаматтар бір жылда екі ай жеті күн ғана өз қажетіне жұмыс істейді, ал қалған он айда мемлекетке, баспана мен азық-түлікке қызмет етеді.
«Экономикалық белсенділіктің негізгі бөлігі өмір сапасын арттыруға емес, базалық қажеттіліктерді өтеуге кетіп жатыр», – дейді Сұлтанов.
Оның айтуынша, шынайы әл-ауқатты жалақының мөлшері емес, барлық міндетті шығындардан кейін қалатын қаражат анықтайды. Себебі дәл осы сома жинақтау мен инвестиция үшін нағыз мүмкіндік береді.
Айта кетсек, 2025 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 473 158 теңгені құраған. Номиналды түрде 8,8%-ға өскенімен, инфляция салдарынан нақты көріністе 3,2%-ға төмендеп кеткен.
Бұған дейін премьер Бектенов халықтың әл-ауқатын көтеруге уәде берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







