Астанада Президенттің бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты сот процесі басталды.
Сот отырысы кәмелет жасына толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында жабық өтеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Күлбаева процестің не себепті жабық өтетінін түсіндірді.
«Марқұмның артында 16 және 12 жастағы екі баласы қалды. Оған қоса бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады. Сот ашық өтсе, қылмыстың жасалу жолдары мен мән-жайы БАҚ арқылы тарап, қоғамда қызу талқыға ұласуы мүмкін», – деді судья.
Қазіргі уақытта күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылған.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қазан айында Ержан Бабақұмаров 36 жастағы танысымен сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан болатын. Жанжал кезінде Бабақұмаров ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған.
Марқұм кезінде президент Тоқаевтың кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол Кәрім Мәсімовтің жақын ортасына кіретін тұлғалардың бірі саналған еді.
Депутат Бапи Бабақұмаров қазасының артында ескі Қазақстанның көлеңкесі тұр деп топшылаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

