Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде табиғи газдың ресурстық әлеуетін арттыру үшін Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы кешенді геологиялық барлау бағдарламасын іске асыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағдарламаның басты міндеті саланың шикізат базасын нығайтып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ұлттық компания өткен жылы Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2 және Саралжын учаскелеріне қатысты жер қойнауын пайдалануға арналған 5 келісімшартқа қол қойды.
Оның ішінде үш учаскеге стратегиялық серіктестер тартылды, қалған екі учаскеде жұмыстар бейінді еншілес ұйымның күшімен іске асады.
Халықаралық әріптестік те жаңа деңгейге көтерілуде. Атап айтқанда, қытайлық CNPC корпорациясымен келісім жасалып, тікелей келіссөздер кезеңі аяқталды. Қазіргі кезде Солтүстік-1 учаскесі бойынша келісімшарт рәсімделу сатысында.
Ал италиялық Eni компаниясымен бірлескен жоба Каменковский учаскесіндегі геологиялық-геофизикалық зерттеулер белсенді кезеңге өтті.
Chevron корпорациясымен бірлесе атқарылған КТ-III учаскесіндегі 3D-сейсмобарлау деректерін талдау жұмыстары да сәтті аяқталды. Нәтижесінде бұл учаске экономикалық бағалау кезеңіне ауысты.
Сонымен бірге, еліміздегі негізгі магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ қоймаларын салуға арналған кешенді есеп дайындалды. Мұндай жобалар Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығын арттыруға жол ашады.
2026 жылы ресурстық базаны игеру қарқыны едәуір артпақ. Жоспар бойынша Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына қосымша 25 жаңа перспективалы учаске енгізіледі.
CNPC компаниясымен Солтүстік-1 учаскесі бойынша толыққанды келісімшартқа қол қою, Chevron-мен КТ-III учаскесін игеруге кірісу және Eni компаниясымен Каменковский учаскесіндегі барлау жұмыстарын кеңейту – негізгі басымдықтар қатарында.
Жаңа перспективалы бағыттар ретінде Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу–Сарысу бассейндерінде геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар алу көзделуде. Сонымен қатар, компания Балқаш шөгінді бассейнінің әлеуетін жан-жақты талдап, келесі барлау бағдарламаларын нақтылайды.
2026 жылдың соңынан бастап Алматы қаласының газ жүргізілген аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынатын болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







