«Қазгидромет» республикалық қызметі 2026 жылғы 15 наурызға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт нашарлап, тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық туғызуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Метеоролог мамандардың мәліметінше, Астана қаласында көктайғақ және уақытша тұман болып, жолдағы көру мүмкіндігі төмендейді. Алматы облысының солтүстік және оңтүстік бөліктерінде түнде және таңертең тұман күтілсе, облыстың шығысында күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді деп болжанған.
Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында түнде қар жауып, боран мен көктайғақ болуы мүмкін. Ал күндіз жаңбыр аралас қар жауып, боран жалғасады. Көкшетау қаласы мен жақын аймақтарда да тұман мен жауын-шашын күтілуде.
Қызылорда облысында күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Қызылорда қаласында да желдің жылдамдығы 15 м/с айналасында болады.
Ұлытау, Жезқазған және Қарағанды облыстарында тұман болып, көру мүмкіндігі төмендейді. Атырау облысының батыс бөлігінде шаңды дауыл күтіліп, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін артады.
Павлодар облысында түнде қар жауып, боран мен көктайғақ болса, күндіз жауын аралас қар жауып, ауа райы күрделі күйде қалады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде күндіз және түнде қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын күтілуде. Сонымен бірге көктайғақ пен боран болып, желдің екпіні күшейеді. Өскемен қаласында да ауа температурасы күндіз аздап көтерілгенімен, көктайғақ салдарынан жағдай күрделі күйінде қалады.
Ақтөбе облысында тұман болжанса, Абай облысында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, боран және күндізгі уақытта қатты жел болады. Қостанай облысында да тұман күтіледі. Жетісу облысының таулы аймақтарында тұман түсіп, Алакөл маңында желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге жетуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысында түнгі және таңертеңгі уақытта жауын-шашын, боран мен көктайғақ күтіледі. Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында тұман болады. Түркістан мен Шымкент қалаларында түнгі және таңғы мезгілде қалың тұман болжанып отыр.
Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-18 метрге дейін күшейеді, әсіресе Ақтау қаласында желдің екпіні күшеюі мүмкін.
«Қазгидромет» тұрғындар мен мекемелерді 15 наурыз күні ауа райының күрт құбылуына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг жақын арада жасанды интеллект негізіндегі ақылды көзілдіріктер күнделікті өміріміздің маңызды бөлігіне айналып, тіпті смартфондар мен ноутбуктерді алмастыруы мүмкін деп санайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







