Елорда кезең-кезеңімен толықтай газға көшіріліп, қаланы және оның айналасындағы елді мекендерді газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі уақытта елорда маңында Қазақстандағы ең ірі №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді. Жаңа станция құрылыстың қарқыны артқан және энергия тұтыну деңгейі өскен жағдайда да Астана мен оның агломерациясын тұрақты газбен қамтуға мүмкіндік береді. Станцияның өткізу қуаты – сағатына 350 мың текше метр газ.
«Аршалы ауданындағы Ижевск ауылынан бастап Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолына дейінгі 67,6 шақырымдық магистральдық газ құбыры салынып, қазір сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады әкімдік.
Осыған дейін Астана қаласын айналдыра қоршайтын толық «газ сақинасы» тартылды. Бұл жүйе газбен қамтудағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және қысымның қалыпты болуын қамтамасыз етеді. №3 станция 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жақында Шұбар елді мекені де толықтай газға қосылды. Бұл жұмыс аясында 7,5 шақырымдық орта қысымды газ құбыры және 31,3 шақырымдық төмен қысымды ішкі тарату желілері тартылды. Нәтижесінде осы елді мекендегі 890 үй табиғи газдың игілігін көріп отыр.
Жалпы бүгінгі таңда елорда аумағында 950 шақырым газ құбыры тартылды. Қазіргі уақытта Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң жағы, Оңтүстік-Шығыс сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, Family Village, Vela Village, Үркер, Телман, Кирпичный елді мекендері, сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын аудандары және қаланың ескі бөлігіндегі Потанин көшесінің тұрғындары газдың игілігін көруде. Қазірдің өзінде газға қосылған абоненттер саны 13,8 мыңнан асты.
Газға көшу жұмыстары энергетика саласын да толық қамтып отыр. Мәселен, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де 16 қазандық толықтай газға көшірілді. Қалада «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» атты екі газ жылу станциясы іске қосылып, жалпы қуаты 950 Гкал/сағатқа жетті. Қазіргі уақытта қуаты 620 Гкал/сағат болатын «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасуда.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Астана экологиялық тұрғыда таза әрі қауіпсіз қалаға айналады. Газға көшу тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қала экономикасының тұрақты дамуына да айтарлықтай серпін бермек.
Таяуда тілшімізге Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы дамытуға жеке инвестицияларды тарту жұмыстары жалғасып жатқанын айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

