Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы есебін тыңдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысына биылғы төрт айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 588 млрд теңгеге жеткені баяндалды. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары. Инвестициялық жобалар өңдеу өнеркәсібі, білім беру, медицина, көлік, сауда және логистика салаларын қамтып отыр.
Жеңіс Қасымбек елордадағы LRT қозғалысы толық іске қосылғанын және жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Бұл бағыт қаладағы қоғамдық көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, көлік жүктемесін азайтуға ықпал етуі тиіс.
Білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынды. Жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 білім беру нысаны ашылады. Сонымен қатар екі оқушылар сарайын және алты балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар қолға алынған. 2028 жылға дейін елордада екі перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және қабылдау-диагностикалық кешен іске қосылмақ. Бұл қала халқының өсуіне байланысты медициналық қызметке түсетін салмақты азайтуға бағытталған.
Қаланы абаттандыру жұмыстары да жалғасады. 2026 жылы 173 аула және қоғамдық кеңістікті жаңарту, сондай-ақ 1,1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс Қасымбектің жұмысын оң бағалап, елорданы одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Президент қала инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту, әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастыру және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







