Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тиісті орындар медициналық сақтандыру қорынан 26 миллиард теңгенің қолды болғанын анықтағанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол: «Бір қарағанда, бұл медициналық сақтандыру қорының бүкіл қаражатының небәрі бір пайызы. Бірақ сол «бір пайыздың» өзі өте үлкен сома. Әрине, бұл қордың ақшасы түгел тоналып жатыр дегенді білдірмейді. Дегенмен қарапайым азамат пен мемлекет үшін бір теңгенің де ұрлануы үлкен мәселе екенін түсіну керек», – деп экс-министр ойын ортаға салды.
– Бүкіл проблеманың себебі біреу-ақ, қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің осы қаржы ағындарына нақты цифрлық бақылауы жоқ. Осы туралы қанша жылдан бері айтып келеміз. «Ақпараттық жүйелерді біріктіріп, интеграция жасайтындарын айтты.
Алайда әлі күнге дейін сол интеграция іске асқан жоқ. Егер цифрлық бақылау жүйесі дұрыс жұмыс істесе, мұндай күмәнді операцияларды бірден автоматты түрде бұғаттап тастар еді, – дейді Елжан Біртанов.
Ал Премьер Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу туралы шұғыл тапсырма берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

