Атырауда «Ембімұнайгаз» компаниясы бас директорының орынбасары, басқарма мүшесі Ильяс Құрамысов мас күйінде көлік басқарып, жауапкершілікке тартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында көрсетілген. Сот материалдарына сәйкес, сол күні Құрамысов Құлманов көшесі бойында «BMW X6» маркалы көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растаған.
Сот отырысында Құрамысов өз кінәсін мойындамай, көлікті өзі басқармағанын, рөлде «сау жүргізуші» болғанын, ал өзі жолаушы ретінде отырғанын алға тартты. Оның бұл уәжін қорғаушысы да қолдап, полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне күмән келтіріп, істі тоқтатуды сұраған.
Алайда полиция инспекторы құқық бұзушылықтың жедел-профилактикалық іс-шара барысында анықталғанын және Құрамысовтың көлікті мас күйінде басқарғанын бейнежазба дәлелдейтінін мәлімдеді. Прокурор да істі ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлігі бойынша қарауды сұраған.
Барлық дәлелдемелерді зерттеген сот Құрамысовтың кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Әкімшілік қамақ мерзімі 2025 жылғы 15 желтоқсан күні таңғы 05:58-ден бастап есептеледі. Жүргізуші куәлігі сот қаулысы толық орындалғанға дейін Атырау қаласы полиция басқармасында сақталатын болды.
Сот қаулысына заңда белгіленген тәртіппен 10 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.
Айтпақшы, ҰҚК Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзакелдиевке қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

