Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамытудың ұлттық жоспарын таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл құжат Қазақстандағы энергетика тапшылығын жойып, ескірген инфрақұрылымды жаңғырту үшін әзірленіп жатыр. Ұлттық жобаның жалпы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланған.
Жоспар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді шараларды қамтиды. Жобаның тұсаукесерінде сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұның теңдестірілген тәсіл екенін айтты.
– Ұлттық жоба инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі мәселелерді қамтиды. Осындай жүйелі әдіс экономикаға мультипликативтік әсер беріп, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, – деді министр.
Жоспар аясында алты ірі энергетикалық нысан салынады. Атап айтқанда, Екібастұзда үшінші мемлекеттік аудандық электр стансасы (МАЭС-3), сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларында жаңа қуаттар бой көтермек. Бұдан бөлек, қазір жұмыс істеп тұрған Екібастұз МАЭС-2 мен Ақсу МАЭС нысандарын толық жаңғырту көзделген.
Министрлік жаңа стансаларды салу үшін инвесторларды ашық тендер арқылы іріктейтін болады. Ал жұмыс істеп тұрған объектілерді жаңарту үшін ведомство мен инвесторлар арасында инвестициялық келісімдер жасалады. Бұл механизм жобаларды іске асыру процесінің ашықтығын арттырып, инвесторларға тарифтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
– Жоспарда басты назар «таза көмір» технологиясын қолданатын заманауи нысандарға аударылған. Біздің негізгі мақсатымыз – моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген қуаттарды заманауи және жоғары тиімділікке ие энергетикалық блоктармен кезең-кезеңімен алмастыру. Осылайша, экология мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтай аламыз, – деді Энергетика министрі.
Жаңа қуаттарды тиімді пайдалану үшін көмір өндіру және оны тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жоспарлары да үйлестірілмек. Министрлік көмір өндірісін арттырумен қатар, теміржолдың өткізу қабілеті төмен учаскелерін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Әлеуметтік бағыттағы шаралар да назардан тыс қалмаған. Жоба аясында кадрларды қолдау үшін арнайы тұрғын үй бағдарламалары қарастырылған. Бұл бағытта «Отбасы банк» АҚ-пен бірлесіп жұмыс атқару жоспарланып отыр.
Ұлттық жоба барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары мен пікірлері толық ескерілген соң бекітіледі. Бұл энергетикалық кешенді жаңғыртудың және энергетикалық тәуелсіздікке қадам жасаудың маңызды қадамы болмақ.
ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын сайтымызда айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

