Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов Қазақстанның отын-энергетика кешенінің 2025 жылғы даму қорытындысын жариялап, алдағы кезеңнің басым міндеттерін айқындады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік мұнай-газ, электр және жылу энергетикасы, көмір өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері мен мұнай-газ химиясы бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Бұл салалар еліміздің экономикасында шешуші орынға ие: бүгінгі таңда отын-энергетика кешенінің ЖІӨ-дегі үлесі – 16%, ал экономикаға құйылған инвестицияның жалпы көлеміндегі үлесі 19%-дан асады.
Қазір мұнай-газ саласында 1350-ге жуық компания жұмыс істеп, онда 240 мыңнан астам адам еңбек етеді. Электр және жылу энергетикасы секторында 360-қа жуық компания қызмет етеді, онда 100 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт, ал көмір өндіру бойынша 36 келісімшарт жұмыс істеп тұр. 2025 жылы жер қойнауын пайдалану аукционы арқылы 6 учаске сатылып, бюджетке 1,2 млрд теңге қол қою бонусы түсті және геологиялық барлауға қосымша 45,5 млн АҚШ доллары тартылды.
Өткен жылы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесі 65%-ды құрады. 2022–2025 жылдар арасында халықаралық инвесторлармен жасалған 25 келісім арқылы 48 локализациялық кейс дайындалса, соның 9-ы өндірістік деңгейге шықты. Америкалық, кореялық, италиялық және неміс ірі компанияларымен бірлесе отырып, мұнай-газ саласында жоғары сұранысқа ие өнімдерді локализациялау жалғасуда.
Мұнай тасымалдау жүйесінде экспорт көлемі 78,7 млн тоннаға жетіп, жоспардан 11,6%-ға артық орындалды. Экспорттың негізгі бағыты – Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы 64,8 млн тонна мұнай тасымалданды. Әзербайжанмен Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты арқылы жеткізілетін мұнай көлемін арттыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Мұнай өңдеу секторында былтыр 18,4 млн тонна мұнай өңделді. Мұнай өнімдерінің өндірісі 15,47 млн тоннаны құрап, жоспардан 6,3%-ға артты. Биыл жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын жеделдету жоспарланған. Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жұмыстары басталады.
Газ саласында да оң өзгерістер байқалды. 2025 жылы елде 68,2 млрд текше метр газ өндіріліп, жоспар 8,6%-ға артығымен орындалды. «Барханная» кен орны пайдалануға берілді. Алдағы жылы Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы жалғасады. 2025 жылы елді газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті.
Мұнай-газ химиясында өндіріс көлемі 619,2 мың тоннаға жетті. Биыл Павлодарда алкиллат зауыты, Атырауда полиэтилен зауытының құрылысы жалғасып жатыр.
Электр энергетикасында 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, жоспар 4,4%-ға артық орындалды. Биыл Түркістан, Алматы, Қызылорда, Атырауда жаңа энергия блоктарын іске қосу көзделген. 2029 жылға дейін ел бойынша жалпы қуаты 13,3 ГВт энергия көздері іске қосылмақ.
Энергетика кәсіпорындарында өткен жылы 411 млрд теңгеге ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желілер мен станциялардың техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Биыл жөндеу науқаны жалғасады, бұл ЖЭО тозуын азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл секторда 503,5 МВт жаңа қуат іске қосылып, өндіріс көлемі 8,6 млрд кВт/сағ-қа жетті. Биыл қытайлық инвесторлармен ірі жобаларды іске асыру жоспарланған.
Контекст
Цифрландыру бағытында энергетика секторын басқарудың жаңа цифрлық платформалары іске қосылды. Күзгі-қысқы кезеңді мониторингілейтін, тарифтік шешімдерді бекітетін, мұнай және сұйытылған газ көлемін бөлуді автоматтандыратын сервистер әзірленді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытта «Digital Qazaqstan» стратегиясы бойынша мұнай-газ бен энергетика салаларын біріктіретін цифрлық жүйе енгізіледі. Энергетикалық инфрақұрылымның цифрлық егіздері жасалып, өндірістік процестердің ашықтығын арттыру мақсатында жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылады.
Министр Ерлан Ақкенженов энергетика саласындағы барлық міндеттердің министрліктің тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, оларды уақытылы шешуге бар күш салынатынына сендірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







