ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тапсырмасымен елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды сараптап, бірқатар стратегиялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде энергетикалық қауіпсіздік ел астанасының дамуындағы басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта атқарылған нақты шаралардың нәтижесінде, ЖЭО-3-тің бірінші кезегі мен газбен жұмыс істейтін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жылу станциялары іске қосылды. Бұл станциялар қаладағы жылу қуатын 30 пайызға арттырды. Жаңадан ашылған нысандар елордаға қосымша сағатына 1100 Гкал жылу береді.
Елорда халқының жылдам өсуіне байланысты, алдағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін «Телман» газ жылу станциясының құрылысы басталды. Бұл стратегиялық маңызды нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарлануда.
Биыл ЖЭО-3 нысанында көмірді резервтік отын ретінде қолдану бойынша кешенді жұмыстар аяқталады. Мұнда отын беру трактісін қайта себу тораптары мен ұсақтау корпусымен біріктіру және теміржол инфрақұрылымына қосу көзделген. Сонымен қатар, көктемде сыртқы және ішкі жолдардың құрылысы, аумақты абаттандыру жалғасады. Жобаның екінші кезеңінде жеке инвесторлардың қатысуымен қуаты сағатына 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарда бар. Бұл жобаның іске асуы елорданың электр қуатын үздіксіз әрі сенімді қамтамасыз етудің кепілі болмақ.
Премьер-министр энергетикадан бөлек өнеркәсіп пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы маңызды жобалардың іске асырылуын да жеке тексерді. 2025 жылы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 3,4 трлн теңгеден асты. Өндірістік әлеуеттің басым бөлігі №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған. Атап айтқанда, «Автокомпоненты KZ» ЖШС зауыты 2025 жылдан бастап өрт сөндіру және арнайы техника өндіруді қолға алды. Бұл зауыт жылына 400 бірлік техника шығара алады. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, коммуналдық-жол машиналары, вахталық көліктер және арнайы аспалы жабдықтар бар.
Сонымен бірге, Astana Smart City цифрлық жобасы аясында құрылған Деректерді өңдеу орталығының жұмысы таныстырылды. Бұл Қазақстандағы қалалық инфрақұрылым үшін арнайы салынған алғашқы дата-орталық. Нысан халықаралық деңгейдегі Presight компаниясымен бірлесе отырып салынған. ДӨО негізінде қалалық ахуалдық орталық, бейнебақылау және бейнеталдау жүйелері, жасанды интеллект платформалары, сондай-ақ қалалық ортаны цифрлық басқару қызметтері іске қосылған.
Аталған жобалардың барлығы елорданың қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жасалған нақты қадамдар. Үкімет басшысының айтуынша, бұл шаралар қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Айтқандай, Астанада бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан JOLTAP жобасы тұрғындардың жаңа дағдыларды игеруіне, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруіне және табысын арттыруына мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

