Қазақстан Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаларды дайындау үшін 13,3 млрд теңге бөлді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұны Үкімет отырысында Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бөлінген қаржы спортшылар мен жаттықтырушылардың толық дайындық процесін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы соманың 585 млн теңгесі спорт федерациялары есебінен берілсе, 5,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 6,2 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден, ал 1,2 млрд теңгесі Туризм және спортты қолдау қорынан бөлінді.
– Ұлттық құрама сапындағы жаттықтырушылар әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тәжірибесі мол білікті мамандар. Бұған қоса, спортшылардың сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусьтен келген 13 жетекші шетелдік маман тартылды. Олар мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон сияқты спорт түрлерінен арнайы жаттығулар өткізуде, – деді министр.
Милан жолындағы есеп
Бұдан бөлек, Ербол Мырзабосынов ұлттық құраманың спорттық киім үлгісін таңдауға ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Спортшылармен және қоғамдық кеңеспен талқылаудан кейін Under Armour бренді таңдалған.
Жаңа формада жазғы және қысқы кезеңдерге арналған 20-дан астам киім түрі бар. Сонымен қатар, дәл осы бренд ашық және жабық алаңдарда пайдалануға арналған спорттық және жаттығу жабдықтарын да ұсынады.
– Бұған дейін спортшылар тек өз маусымына сәйкес форма алатын еді. Бұл жаттықтырушылар мен спортшыларға ыңғайсыз болатын. Енді мәселе толық шешілді, – деді министр.
Ресми шаралар мен марапаттау рәсімдеріне арналған киім үлгілерін отандық компаниялар тігіп, бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен қаржыландырылады. Министрдің сөзінше, таңдау барысында Nike, Adidas және Kelme сияқты әлемдік брендтер де қарастырылған.
– Жарысқа арналған киімнің маңызы зор. Мәселен, тұғырдан секіру немесе шаңғы жарысында киімнің стандартқа сай келмеуі нәтижеге кері әсер етуі мүмкін. Спортшылар ұзақ жыл бойы дайындалып, осындай деңгейге жетеді. Сондықтан киімнің сапасы мен талапқа сай болуы шешуші рөл атқарады, – деді Мырзабосынов.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов дайындық жұмыстарын жеке бақылауға алып, спортшылардың тек өздерін ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғайтынын ерекше атап өтті. Ол 2023-2025 жылдар аралығында спортты дамыту мақсатында республикалық бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты.
Жиын барысында қысқы Паралимпиада ойындарына дайындықты күшейту туралы да тапсырмалар берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, Олимпиададағы Қазақстанның жетістіктерін БАҚ-та кеңінен жариялап, қорытынды талдау жасап, әрі қарай дамуға ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Елімізде 240 мың бала спорт секцияларына тегін қатысып жүргенін білесіз бе? Сізде балаңызды спорт секциясына беріңіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

