ERG компаниясы биыл еліміздің тау-кен және металлургия саласын дамытуға рекордтық көлемде 560 млрд теңге инвестиция құймақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қызметкерлермен кездесуде мәлімдеді.
Соңғы үш жылда ERG қазақстандық кәсіпорындарды жаңғыртуға ауқымды қаражат салып, өндірістік көрсеткіштерді тарихи жоғары деңгейге жеткізді. Әсіресе «Қазхром» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында іске қосылған газды кәдеге жарату станциясы ерекше жоба ретінде атап өтілді. Станция кәсіпорынды 80 МВт таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп, экологиялық тиімділікті арттырады.
Шухрат Ибрагимов өндірістегі цифрландырудың нәтижелерімен де танысты. Соңғы бес жылда ERG цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект енгізуге 117 млн доллар инвестиция салған. Ақтөбедегі жаңа диспетчерлік орталықта 4-балқыту цехының цифрлық егізі іске қосылып, барлық технологиялық процесті виртуалды түрде бақылауға мүмкіндік береді.
Компания басшысы Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында да болды. ССКӨБ өндірістік қуатының 65%-ында ғана жұмыс істеп отырғанымен, мұнда жаңғырту жұмыстары белсенді жүруде. Стратегиялық жобалар қатарында жаңа күйдіру машинасы мен ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіретін зауыттың құрылысы ерекше маңызға ие. Инвестиция көлемі 650 млрд теңгені құрайтын ЫБТ зауыты Қазақстанды әлемдік нарыққа жоғары сапалы өніммен шығармақ. Зауытты 2029 жылы іске қосып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Шухрат Ибрагимов компания қызметкерлерімен кездесулерде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше мән берді. Ол үшін өндірістегі қауіпсіздік – басты басымдық болып қала бермек.
ERG әлеуметтік бағдарламаларды да жалғастыруда. Павлодар облысында компанияның тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір күнде 135 қызметкер жаңа пәтердің кілтін алды. Соңғы үш жылда осы мақсатқа 7 млрд теңге бөлінген.
ERG еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де маңызды үлес қосуда. Ақсу электр станциясында №7 энергоблокты қайта жаңғыртуға компания 280 млн доллар инвестиция құйды. Сондай-ақ станцияда экологиялық тазалығы жоғары инновациялық гибридті сүзгілер орнатылады. Мұндай жоба Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылуда.
Павлодар алюминий зауытында ERG жаңа галлий өндірісін іске қосады. Бұл Қазақстанды осы сирек металды өндіруден әлемде екінші орынға шығарады. Жаңа өндіріс учаскесіне инвестиция 12,5 млрд теңгеден асады, алғашқы өнім 2026 жылы алынбақ.
Шухрат Ибрагимов компанияның сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, елдегі жобаларға ауқымды инвестиция салуды жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, бұл ERG-дің Қазақстандағы даму стратегиясының дұрыс бағытта екендігін дәлелдейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

