Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Қазақстан азаматтығына қабылдау және азаматтықтан шығу мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 305 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.
Сонымен қатар комиссия 43 адамның Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.
Ерлан Қарин соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдіргендер саны тұрақты түрде азайып келе жатқанын атап өтті. Мәліметке сүйенсек, кейінгі 8 жылда мұндай өтініш саны шамамен 40 есеге қысқарған.
2019 жылы Қазақстан азаматтығынан шығуға 1,7 мың өтініш тіркелген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 944 болды. 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, 2025 жылы – 68 адам өтініш берген. Ал биыл мұндай 43 жағдай ғана қаралып отыр.
Мемлекеттік кеңесші бұл үрдіс қазақстандықтардың елдің тұрақты дамуына және Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси бағытына сенімінің артқанын көрсететінін айтты.
Бұл пайым әлеуметтік зерттеулер деректерімен де үндеседі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2026 жылғы сәуірде жүргізген қоғамдық пікір сауалнамасына сәйкес, азаматтардың 84,4 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Азаматтық мәселесі – жай ғана құқықтық рәсім емес. Ол адамның мемлекетпен байланысын, болашағын қай елмен байланыстыратынын және елдегі тұрақтылыққа деген сенімін көрсететін маңызды өлшем. Соңғы жылдардағы дерек Қазақстаннан түбегейлі кетуге ниетті азаматтар саны азайып, керісінше ел азаматтығын алуға қызығушылық сақталып отырғанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






