Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еліміздегі ең ірі жастар қозғалысының бірі «Дала Қырандары» өкілдерін арнайы қабылдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір бұл ұйым Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 27 қалада 1700-ден астам жалынды жастың басын біріктіріп отыр.
Ұйым қызметінің өзегі азаматтық ұстанымды қалыптастыру, патриоттық сезімді ояту және жастардың ел өміріне белсене араласуына жағдай жасау.
Ерлан Қарин жастардың бойындағы патриотизм мен азаматтық жауапкершілік мәселесіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бастамалары бір-бірін толықтырып отыруы тиіс.
«Мәселені көтеріп, сынаумен шектелу аздық етеді. Бізге дәл қазір мәселені шешуге ұмтылатын, нәтижелі ұсыныстар айтатын, іске бейім орта керек. Қоғамның дамуы үшін тек мемлекеттік қызметкердің ғана емес, белсенділер мен әр азаматтың да жауапкершілігі қажет. Ашық диалог, ортақ мәміле басты қағидаға айналуы тиіс», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Қозғалыстың ұстанымы қандай?
Ұйым үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев қозғалыстың осы ұстанымға сай жұмыс істеп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Дала Қырандарының» бастамалары президент Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» концепциясымен толық үйлеседі.

Ұйым қазір нақты 4 бағыт бойынша белсенді жұмыс атқарып отыр.
Біріншісі – сапасыз, заңсыз алкогольдік өнімдердің таралуына қарсы күрес. Екіншісі – экологиялық мәселелерге қоғамдық бақылау орнату, яғни «Таза Қазақстан» бастамасына қолдау көрсету. Үшінші бағыт – қоғамның ең күрделі мәселесіне айналған синтетикалық есірткімен күрес. Төртіншісі – жастар арасында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін тереңдету.
Жастар ұйымының өкілдері «Қазақстан жастары» атты ұлттық баяндаманы дайындауға да атсалысып жатыр. Құжат 2035 жылға дейінгі жастар саясатының басты бағдаршамы.
Бұдан бөлек…
Сонымен қатар, қозғалыс өкілдері есірткімен күрес бойынша жаңа кешенді жоспарды әзірлеуге де өз ұсыныстарын қосқан. Ерлан Қарин алдыңғы жоспардың 77 тармақтан тұрғанын, ал жаңа құжаттың 106 нақты іс-шараны қамтығанын айтты.
Олардың біразы «Дала Қырандарының» нақты ұсыныстары негізінде дайындалған әрі қазірдің өзінде Ішкі істер министрлігінің тәжірибесіне енгізіліп жатыр.
Кездесуде қозғалыстың тағы бір үйлестірушісі Мәди Рымжанов дәстүрге айналған Dala Camp жастар форумын биыл да жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Былтыр форум мыңнан аса қатысушы жинаса, биыл тамызда өтетін шараға 3 мыңға жуық жас келеді деп күтілуде. Мәди Рымжанов форумның жастар мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналғанын айтты. Оның айтуынша, күштік құрылымдармен байланыс орнатылған, ендігі мақсат – осы байланысты басқа да мемлекеттік органдармен кеңейту.
Кездесу соңында Мәди Рымжанов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге жастар бастамаларына тұрақты қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, оны алдағы форумда да қонақ ретінде күтіп алуға қуанышты екенін жеткізді.
«Жастар мәселесіне үнемі назар аударып, нақты қолдау білдіріп жүргеніңіз үшін алғыс айтамын. Біздің байланысымыз алдағы уақытта да нәтижелі жалғаса береді деп сенемін», – деді ол.
Бұған дейін Қарин ішкі саясаттағы жаңа қағидасын таныстырған болатын.

