Жетісай ауданының Үтіртөбе елді мекенінде кәсіби борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне ескерткіш тақта ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Марқұм Ұлдана Мырзуан Астана қаласында жарақат алған науқастарға жедел медициналық көмек көрсету кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған еді. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш, Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Бақыт Мырзагельдиев қатысты. Сондай-ақ «Асықата» ауруханасы басшысының орынбасары Ерғали Сопбеков, сондай-ақ марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары, ұстаздары және ауыл тұрғындары да болды.
Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде «Емдеу ісі» мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған. Байқоңыр ауданы жедел жәрдем подстанциясында бригада аға-фельдшері қызметін атқарған. Өзінің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі арқасында әріптестерінің құрметіне бөленген маман еді.

Іс-шара барысында аудан басшылары мен жиналған жұрт марқұмның кәсіби біліктілігі, батылдығы мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтіп, рухына Құран бағыштады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Ұлдана Мырзуанның қысқа да болса жарқын ғұмыры кейінгі ұрпаққа кәсіби адалдықтың, жауапкершіліктің және адам өмірі үшін күрестің үлгісі болып қала бермек. Туған ауылының ақсақалдарының бастамасымен орнатылған ескерткіш тақта мен демалыс-спорт алаңына оның есімін беру – жас ұрпаққа ерлікті насихаттап, елге адал қызмет еткен азаматтардың есімін құрмет тұтудың нақты көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







