Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру енді қағаз жүзіндегі ұран емес, нақты қауіптің ішіне кіріп жұмыс істейтін салалардан анық көріне бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соның бір мысалы елордадағы Жедел медициналық көмек станциясында өткен түсіндіру кездесуі. Мұнда прокуратура, полиция және әкімдік өкілдері нашақорлықтың алдын алу, еңбек құқығы және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды.
Астана қалалық прокуратурасы полиция департаментімен және қала әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған жиында жедел жәрдем жүргізушілері мен медицина қызметкерлеріне заң талаптары, құқықтық қорғаныс тетіктері және күнделікті қызмет барысында туындайтын қауіптер туралы кеңінен түсіндірілді. Кездесу барысында нақты ахуалдық жағдайлар талқыланып, тақырыптық бейнероликтер де көрсетілген.
Елордадағы ахуалдың өзі мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. Жыл басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты шамамен 200 қылмыстық іс тіркелген. Соның ішінде есірткі өткізумен байланысты 100-ден астам іс қозғалған. Заңсыз айналымнан 100 келіге жуық есірткі тәркіленген. Мұндай көрсеткіштер нашақорлықпен күрес тек полицияның жұмысы ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе екенін көрсетіп отыр.
Астана қалалық полиция департаментінің нашақорлыққа қарсы бөлімінің басшысы Әлия Қибатқызы заңсыз әрекеттерге көбіне жастар тартылатынын айтты. Оның сөзінше, ең үлкен қауіп синтетикалық есірткіде. Себебі мұндай заттар адамды бірден физикалық тәуелділікке түсіреді. Ең қауіптісі – олардың таралу жолы. Қазір есірткі ашық көшеде сатылмайды, ол интернетке кіріп алды. Жасырын жарнама, әлеуметтік желі, түрлі сайт, код, белгілер арқылы таралып жатыр.
Курьерлер не тасып жүргенін білемейді
Мамандардың айтуынша, ұсталғандардың бір бөлігі өздерінің нақты не тасып жүргенін де толық түсінбейді. Жеңіл ақшаға қызыққан жастар «курьер» болып кіріп, артынша ауыр қылмыстық жауапкершілікке тап болады. Тіпті осындай «курьерлердің» қызмет ету мерзімі де ұзақ емес. Көбіне екі айға жетпей ұсталып жатады. Яғни қылмыстық топтар жастарды уақытша құрал ретінде пайдаланып, кейін тағдырын тас-талқан қылып кете береді.

Нарколог Тоқтар Төлеуханұлы синтетикалық есірткіге тәуелділік кей жағдайда бір рет қолданғаннан кейін де қалыптасуы мүмкін екенін ескертті. Мұндай сөз жай үрей үшін айтылып отырған жоқ. Қазір химиялық жолмен дайындалатын есірткінің әсері күшті, ағзаға салдары ауыр, ал одан шығу жолы өте қиын.
Есірткі жарнамасының формасы да өзгеріп кеткен. Қылмыстық топтар граффити жазады, QR-коды бар билборд іледі, жарнама парақшаларын таратады, штамп басады, арнайы сайттар ашады. Биылдың өзінде есірткіні жарнамалайтын 400-ден астам интернет-ресурс анықталған. Демек, күрес енді тек көшеде емес, цифрлық ортада да қатар жүріп жатыр.
Полиция өкілдері тағы бір маңызды жайтты еске салды: есірткіге қатысты қылмыстар ауыр және аса ауыр санатқа жатады. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, есірткі, психотроптық заттар және олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, пошта арқылы жіберу немесе сату 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырумен және мүлікті тәркілеумен жазаланады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды да бейжай қалмауға шақырып отыр. Егер психоактивті заттарды сақтау, тарату немесе осы іске қатысы бар адамдар туралы мәлімет белгілі болса, оны Астана қаласы Полиция департаментінің нашақорлыққа қарсы басқармасына аноним түрде хабарлауға болады. Сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді: 71-63-93 және 102.
Контекст
Жиында қозғалған екінші өзекті мәселе – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі. Жедел жәрдем мамандары күн сайын қауіпі жоғары ортада жұмыс істейді. Олар кейде алкоголь немесе есірткі қолданған адамдарға барады, кейде психологиялық тұрғыдан тұрақсыз, кейде тіпті агрессивті адамдармен бетпе-бет келеді. Осындай жағдайда дәрігер мен жүргізушінің өмірі де, денсаулығы да қауіпке тігіледі.
Сол себепті қалалық прокуратура мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінде жаңа бақылау және қорғаныс тетіктері енгізіліп жатқанын хабарлады. Соның бірі – барлық бригадада аудиомониторинг жүйесінің іске қосылуы. Мұндай жүйе даулы жағдайды азайтуға, қызметтік қарым-қатынас мәдениетін жақсартуға, дәлелдеме базасын күшейтуге және медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын арттыруға көмектеседі.
Енді заңда да нақты өзгеріс бар. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 380-3-бап енгізілген. Аталған бап медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне олардың қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде жасалған қорқыту мен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті белгілейді.
Астана қаласындағы осы кездесу бір шындықты анық көрсетті: бүгінгі қоғамда дәрігерді де, жүргізушіні де, жасөспірімді де, қарапайым тұрғынды да бірдей қорғайтын орта керек. Есірткіге қарсы күрес те, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі де – бір-бірінен бөлек мәселе емес. Екеуінің түбі қоғамдағы тәртіпке, жауапкершілікке және заңның шын мәнінде жұмыс істеуіне барып тіреледі.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







