Елімізде көлік салығын есептеудің жаңа тәртібі күшіне енді. Әсіресе ескі көліктер үшін салық жүктемесі біршама жеңілдеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, енді шыққанына 10 жылдан асқан жеңіл көліктердің салығы төмендетілген коэффициентпен есептеледі. Нақтырақ айтқанда, қолданыс мерзімі 10-нан 20 жылға дейінгі автокөліктердің салығы 0,7 коэффициентімен, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 0,5 коэффициентімен есептелмек.
Сондай-ақ, биылдан бастап көлік иелері үшін салық төлеу тәртібі де жеңілдетілді. Енді жүргізушілерге жыл ішінде бірнеше рет есеп тапсырудың қажеті жоқ. Жыл соңында бір рет декларация тапсырып, келесі жылы салығын толық төлеу жеткілікті.
Тағы бір жаңалық 2013 жылдан кейін шыққан немесе елге әкелінген қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктер үшін арнайы салық ставкасы алынып тасталды.
Фермерлерге де қосымша жеңілдік қарастырылған. Енді әрбір шаруа қожалығына тиесілі бір пикап көлік салығынан босатылды. Бұдан бөлек, енді салық есебінде көліктің кузов типі ескерілмейді. Көліктің түрі тек техникалық паспортта көрсетілген санат бойынша ғана анықталады.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі көлік салығын қайта қарап, әртүрлі коэффициент енгізуді ұсынған еді. Вице-министр Азамат Әмриннің айтуынша, барлық көлікке ортақ бірдей салық ставкасы автопаркті жаңартуға әсер ете алмаған. Осыған байланысты салық мөлшерлемесін көліктің шыққан жылына қарай белгілеу туралы ұсыныс қайтадан талқылана бастаған.
Бұған дейін бүгіннен бастап Қазақстанда көлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдай алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

