Көптеген қазақстандықтардың үйінде істен шыққан смартфон, ноутбук немесе басқа да электронды құрылғылардың шаң басып жатқаны рас. Олардың ішінде алтын мен күміс сияқты бағалы металдар бар екенін естігенде, кейбіреулер ескі техниканы «бөлшектеп», пайда табуды да ойлап қалады. Бірақ бұл іс шынымен де тиімді ме? Ertenmedia.kz сарапшылары осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Шын мәнінде, смартфон мен ноутбук секілді құрылғылардың ішінде расында алтын кездеседі. Бірақ оның мөлшері өте аз. Мамандардың пікірінше, бір грамм таза алтын алу үшін ондаған смартфон қажет екен. Ал ноутбуктер смартфондардан үлкен болғанымен, алтынның мөлшері де айтарлықтай көп емес.
SD Bullion сараптамалық компаниясының дерегінше, бір ноутбукта шамамен 0,1 грамм алтын болады. Әрине, бір ғана құрылғы үшін бұл өте аз мөлшер, бірақ жүздеген, тіпті мыңдаған құрылғыларды өңдейтін болсаңыз, аз да болса құнды металды жинап алуға болады. Бірақ осы алтынды алу үшін қажет еңбек пен уақыт шығынын ескерсек, жеке адам үшін бұл іс тиімді бола қоймас.
Алтынның электроникада қолданылуы кездейсоқ емес. Алтын электр тогын өте жақсы өткізеді және тот баспайды. Сондықтан бұл металл ноутбук, смартфондардың аналық платаларында, процессор мен жедел жады сияқты маңызды компоненттерде қолданылады. Сондай-ақ алтынмен қапталған контактілер, қосқыштар және басқа да шағын электронды бөлшектер ұзақ уақыт бойы өз сапасын сақтай алады.
Қазіргі таңда электронды техниканың барлығы дерлік аз мөлшерде болса да алтынды қамтиды. Бұл тұрмыстық техникаға да қатысты. Тоңазытқыш, кір жуатын машина, теледидар, шаңсорғыш, тіпті автокөліктердің ішіндегі электронды компоненттерде де алтын кездеседі.
Дәл осы себепті істен шыққан электрониканы қоқысқа лақтырмай, қайта өңдеуге өткізген дұрыс. Өйткені құрылғы құрамындағы алтынды, күмісті немесе сирек металдарды қайтадан өндіріске жіберуге болады. Ал бұл металдардың қоқысқа тасталуы қоршаған ортаға зиянын тигізеді.
Қазақстанда да соңғы жылдары істен шыққан техниканы қайта өңдеу бағытында арнайы жобалар қолға алынған. Кейбір ірі сауда желілері ескі электрониканы қабылдап, орнына жеңілдіктер немесе бонустар ұсынады. Бұл әдіс құрылғыны өз бетіңізше бөлшектеп, алтын жинаудан әлдеқайда оңай әрі тиімді. Сондықтан сарапшылар ескі ноутбук, телефондарды үйде сақтамай, қайта өңдеу орталықтарына тапсыруға кеңес береді.
Кейде iPhone қолданушылары құпиясөзін ұмытып, құрылғыға кіре алмай қалады. Мұндай жағдайда арнайы қалпына келтіру режимі көмектесе алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







